1 маусымнан бастап Қарағанды облысында суға шомылу маусымы басталады. Төтенше жағдайлар департаменті өңірдің су қоймаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті: көпшілік демалатын орындарда 120 құтқарушы жұмыс істейтін болады. Биыл суға түсуге рұқсат етілген 89 орын анықталды.
– Суға түсу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің бес құтқару бөлімшеміз жұмылдырылды. Олар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск және Абай ауданында, яғни ең танымал және ірі су қоймаларының жанында орналасқан, – деп атап өтті ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ерасыл Сайпаш Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Судағы тәртіпті қамтамасыз етуде барлығы 120 құтқарушы жұмыс істейді. Бөлімшелерде 34 бірлік техника, соның ішінде қар-батпақ жолдармен жүретін көлік, квадроциклдер, қар көліктері мен шынжыр табанды тартқыш бар. 29 жүзу құралы, екі әуе кемесі, 30 сүңгуір жиынтығы, 50 құтқару шеңбері және 75 кеудеше бар. Жабдықтар 2024–2025 жылдары жаңартылды.
Бұдан басқа, 14 коммуналдық жағажайды абаттандыру жоспарланған, оның тоғызы толығымен дайын, тағы төртеуі аяқталу үстінде. Барлық коммуналдық жағажайлар тегін және ашық болады.
Қазіргі уақытта ұйымдастырылған демалыс аймақтарында су қоймаларының түбін тексеру және тазарту жұмыстары жалғасуда. Қауіптілігі жоғары орындарда мобильді бекеттер орнатылады, шомылу аймақтарында құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады.
Бұдан басқа, 57 қоғамдық құтқарушыны оқыту жоспарланған. Олар жұмыспен қамту орталықтары арқылы уақытша жұмысқа орналастырылып, көпшілік демалатын орындарға кезекшілікке жіберіледі.
– Еске салайық: жабдықталмаған жерлерде суға түспеңіздер, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, суға мас күйінде кірмеңіздер. Егер жүзу құралдарымен су айдынына шықсаңыздар, әрқашан құтқару кеудешесін киіп жүріңіздер, сондай-ақ өз күшіңізді асыра бағаламаңыздар, – деді Ерасыл Сайпаш облыс тұрғындарына. – Қарапайым ережелерді сақтау сіз бен сіздің жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Суға түсуге рұқсат етілген орындар тізімін мына жерден жүктеуге болады.