Қарағанды облысындағы мектептер мен колледждерде жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған қаржылық және онлайн қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. Өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары жасөспірімдерге алаяқтықтың кең таралған схемалары мен цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіріп, кейін білімді Qarzhy Saqshysy интерактивті ойыны арқылы бекітті.

Бұл ойын жыл сайын ел көлемінде «Заң және тәртіп» жалпыұлттық нарративі мен «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында өткізіледі. Биыл жобаға 800 мыңнан астам оқушы қатысты. Қарағанды облысы да бастамаға белсенді түрде қосылды: сабақтар Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларындағы, сондай-ақ Абай және Бұқар жырау аудандарындағы мектептер мен колледждерде өтті.
Педагогтердің айтуынша, мұндай формат өз тиімділігін көрсетті. Жасөспірімдер дәрісті тыңдап қана қоймай, күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестер алды.

— Балаларға жеке деректерді қорғау бойынша берілген ұсыныстар ерекше ұнады. Мысалы, көпшілігі телефондағы графикалық кілттің сенімсіз қорғаныс тәсілі екенін білмеген. Енді Face ID немесе саусақ ізі арқылы қорғау әлдеқайда қауіпсіз екенін түсінді, — деді Қарағандыдағы Шәкәрім атындағы гимназияның тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісінің орынбасары Жұлдыз Үкіметова.

Сабақ барысында дропперлер — алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар тақырыбына да ерекше назар аударылды. Жасөспірімдерге қылмыстық схемаға қалай байқамай қатысып кетуі мүмкін екені түсіндірілді. Жиі кездесетін жағдайлардың бірі — банк картасына ақша түсіп, кейін бейтаныс адамдар «қателесіп аудардық» деген желеумен қаражатты қайтаруды сұрауы. Мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін: Қазақстанда 2025 жылдан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар оқушыларға алаяқтықтың өзге де кең таралған түрлері туралы айтылып, алдау белгілерін тануға үйретілді. Сабақтардың негізгі мақсаты — жастардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру және оларды цифрлық кеңістікте өздерін қорғауға дағдыландыру.
