BANNER

Барби қуыршағының тарихы

.

Бүгінгі күні әлем «Барби» фильмін талқылап, әлеуметтік желілерде Барбидің образын жарыса қайталап, суретке түсіп, видео жасап жүр. Осыған орай біз «Барби» қуыршағының тарихын бір шолып өтуді жөн көрдік. Атақты қуыршақты кім ойлап тапты? Оның осынша танымалдылыққа ие болуының сыры неде?

  Биыл атақты Барби қуыршағы 64 жаста! 3 – тен 14 жас аралығындағы қыз балаларға арналған әлемге әйгілі қуыршақтың сатылымға шыққаннан бастап, осы күнге дейін шамамен 1,5 миллиард экземпляры сатылған, әлі де сатылымы өсіп келеді. Биыл шыққан фильмнен соң тағы өсері белгілі.

  Бұл қуыршақты жасаушы американдық кәсіпкер – Рут Хэндлер. Рут Хэндлер кішкентай кезінде ұлдармен ойнағанды ұнатқан әрі қуыршақтармен ойнау оған қызықсыз болыпты. Ол 16 жасында болашақ суретші Эллиот Хэндлермен танысады. Алайда оның отбасы кедей суретшіні ұнатпайды. Соған қарамастан олар Лос – Анджелеске көшіп кетіп, 1938 жылы үйленеді.

  Калифорнияда Эллиот Хэндлер акрилді пластикпен жұмыс жасай бастайды. Аз уақыт жиһаз жасаған соң 1945 жылы отбасылы жұп Гарольд Мэтсонмен бірігіп, «Mattel» компаниясын құрады. Алғашында олар картиналарға рамка жасады, одан соң қуыршақтарға арналған үйлерге жиһаз жасайды. Кейіннен Гарольд Мэтсон компаниядан шығып кетеді.

  1950 – жылдары қуыршақтар тек сәби кейпінде ғана болатын. Қоғамда балаларға ата – ана рөлінде болып, кішкентай сәбиге қараған ұнайды деген түсінік болды. Бір күні Рут Хэндлер қызы Барбара қағаздан колледжде оқитын, жұмысқа баратын, басқа да үлкендердің ісімен айналысатын үлкен қыздың образындағы қуыршақ жасап отырғанын көреді. Сол кезде ол балаларға тек қана ана рөлінде ойнайтын үй қызметшісіндегі образ ғана емес, сонымен қатар қуыршақ арқылы өздерін болашақта оқитын, жұмыс жасап, түрлі мамандық иесі бола алатын кейіпте көргісі келетінін түсінді. Әрі кәсіпкерге Германияда сатылып жатқан Бильд Лилли қуыршағы шабыт берді. Алайда ол комикстен алынған сары шашты, жас қыз ер адамдарға арналған қуыршақ болатын. Ал Рут Хэндлер болса, балаларға арналған қуыршақ жасауды ойлайды. Солай Рут пен Эллиот Хэндлер тәуекелге бел байлап, 3 жылда бойжеткен кейпіндегі қуыршақ жасап шықты. Қыздары Барбараның құрметіне Барби деп ат қойды, ал қуыршақтың түрін американдық әртіс Джейн Мэнсфилдқа ұқсатты.

  Алғашқы Барби қуыршағы 1950 жылы Американдық халықаралық ойыншықтар жәрмеңкесінде көрсетілді. Оның үстінде ақ – қара түсті шомылуға арналған киім болды. Жәрмеңкеге келушілер қуыршақты онша ұнатпады, тіпті газет беттерінде де соған ұқсас пікірлер жазылды. Соған қарамастан Рут Хэндлер Барби қуыршағын 3 доллардан сатылымға шығарды. Қуыршақпен қоса 1 – 5 доллар аралығында тұратын киім, аксессуарлары да қоса сатылды. Қыз баланың болашақта тек бала бағып қана қоймай, әр түрлі образда бола алатыны оларға сондай ұнаған еді. Кейіннен қуыршақ бизнесмен ретінде, әнші, суретші, ғарышкер, президент образдарында да жарыққа шықты. Барби қуыршағы атақты болғаны соншалық ол үшін Dior, Kenzo, Pierre Cardin секілді атақты модельерлер де аксессуарлар шығара бастады.

  Ал Кенге келетін болсақ, ол Барбиден екі жылдан соң шығарылды. Оның атын ұлдарының құрметіне Кен қойды. Сонымен қатар «Mattel» компаниясы кейіннен Барбидің отбасы мүшелерін, олардың достарын да шығарды.

  1964 жылы «Mattel» компаниясы Германияда шығатын Бильд Лилли қуыршағының авторлық құқықтарын сатып алды да, оның шығарылымын тоқтатып тастады.

  Барби қуыршағының коллекцционер – фанаттары өте көп. Оның ішінде жасы үлкен кісілер де бар. Соның бірі – Беттина Дорфманн. 2001 жылы ол 15000 қуыршақ жинап, әлемдік рекорд жасады.

  Барби қуыршағы қыз баланың өзін бағалауына кері әсерін тигізеді деген пікірлер де жоқ емес еді. Соған орай тіпті эксперимент те жасалған. Алдымен қыз балаларды Барби қуыршағымен, кейін қарапайым қуыршақпен ойнатады. Сонда мамандар қыз балалардың сәнді, жіңішке Барби қуыршағымен ойнаған кезде өздерін төмен бағалағанын байқаған.

  2015 жылы бұрынғыдай кішкентай, тым жіңішке қуыршақтармен қоса басқа формадағы, бойлары да әртүрлі және өзге нәсілді қуыршақтар да шығарылды. Одан соң креслода отыратын қуыршақтар да пайда болды.

Әртүрлі кейіптегі Барби қуыршақтары көпшілікті қуантты. Бұл - қыз балалардың өз - өздерін бағалауына зиянын тигізбейтіні үшін өте жақсы идея еді.