BANNER

Депутат Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарды қайта жазып шығуды ұсынды

ult.kz

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында жаңа көптомдықтың негізінде Қазақстан тарихы оқулығын қайта жазып шығуды сұрады.

Ол өз сөзінде қазіргі оқулықтарда мемлекет құруға аз көңіл бөлінетінін түсіндіреді. Депутат сондай-ақ мектеп бағдарламасында қазақ хандары Жошыдан тарайтынын баса айту керектігін мәлімдеді.

“Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы да соңғы деректер енгізу керек. Мәселен тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, ал 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі, – деді Қыдырәлі.

Депутат биыл Жошы ұлысына 800 жыл толатынын негізге ала отырып, Қазақстанда өтетін Көшпенділер ойыны Жошы ханды насихаттауға үлкен мүмкіндік екенін қосып өткен.

Еске салайық, бұған дейін өткен ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихына тоқталып, жеті томдық ауқымды жинаққа қатысты тапсырма берген. Өз сөзінде мемлекет басшысы дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән беретінін атап өткен.

“Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады”, – деген Тоқаев.