Республика күні қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің тапсырмасымен Астанада мерзімді әскери қызметшілердің қызмет атқару және тынығу жағдайларын жақсартуға арналған жаңа патрульдік бекет ашылды.
Жаңа бекет ауа райының қолайсыздығына қарамастан күн сайын жауынгерлік қызмет атқаратын сарбаздардың жайлы жағдайда демалуына және кезекшілікке дайындалуына мүмкіндік береді. Мұнда әскерилердің сергек күйде болуына қажетті жағдайлар қарастырылған. Бекет үш ауысыммен қызмет атқаратын 24 әскери қызметшіге арналған.
Бекетте сарбаздарға арналған ас ішу және бос уақытын тиімді өткізуге арналған арнайы орын бар , сондай-ақ жуыну, тынығу бөлмелері жабдықталған.
Елордада Ұлттық ұлан әскери қызметшілері республикалық маңызы бар нысандарды күзетіп, мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Биыл тоғыз айда Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған 2,3 мыңнан астам міндетті орындады. Патрульдік-бекеттік қызмет барысында құқық бұзған 13 мыңнан астам адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Сонымен қатар ұландықтар бес халықаралық саяси іс-шара мен шет мемлекеттер басшыларының және ресми делегациялардың 18 сапары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Жаңа патрульдік бекеттің ашылуы әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстың жалғасы. Сарбаздардың жауынгерлік әзірлігін нығайтып, міндеттерін сапалы орындауына мүмкіндік беру ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі.
Елордада Ұлттық ұланның жаңа патрульдік бекеті ашылды
Сурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ресми арнасынан алынды