Ер адам 92 жастағы анасын ұрып өлтірді

ашық дереккөз

Көкшетауда анасын кірпішпен ұрып өлтірді деген күдікпен 62 жастағы азамат ұсталды деп хабарлады Life09 ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме  жасап.

2 қазанда полиция бөліміне егде жастағы әйелдің өлгені туралы ақпарат түскен. Тәртіп сақшыларына марқұмның ұлы хабарласып, 92 жастағы анасының құлап, салдарынан қайтыс болғанын айтқан. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Тергеушілер жалғыз куәгер – зейнеткердің 62 жастағы ұлынан жауап алған.

– Алдын ала тергеу барысында полиция егде жастағы әйелдің басына соққы жасалғанын, қылмысқа зейнеткердің ұлының қатысы барын анықтаған. Күдікті анасын кірпішпен ұрған. Салдарынан ол қайтыс болған, – деп жазылған хабарламада.

62 жастағы ақмолалық өз кінәсін мойындап, қайғылы оқиға болған күні мас болғанын, анасымен сөзге келіп қалғанын айтқан.

– Жанжал кезінде күдікті ашуға ерік беріп, кірпішпен анасының басынан бірнеше рет ұрған. Есін жинаған кезде өзі оқиға орнына полиция мен дәрігерлерді шақырған. Ол қылмысты жазатайым оқиға ретінде көрсеткісі келген, – делінген хабарламада.

Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.