Желіде Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы мүшелерін "хакер" өз бетінше тапты деген ақпарат тарады. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Олардың мәліметінше, жаңа деректерді "хакер" таппаған. Хакер жариялаған мәліметтер құқық қорғау органдары бұрын таратқан ақпараттармен толық сәйкес келеді дейді.
Барлық дерек:
заңды жедел-іздестіру шаралары аясында;
мамандандырылған техникалық мамандардың қатысуымен;
телекоммуникация операторларымен бірлесіп алыныпты.
Полиция хакерге қысым жасалды деген ақпаратты да жоққа шығарды.
Сондай-ақ олар бұрын "хакерге" алаяқтық бабы бойынша 4 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Қазір ол іздеудегі адам екен. Тергеу жалғасып жатыр.
