Қарағанды облысында 2027 жылға дейін жоспарланған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кешенді үш жылдық іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында өңірде тазарту құрылыстары мен су қоймалары жаңартылып, өзендерді санациялау жүргізілуде, сондай-ақ орман қоры ұлғайып келеді. Өткен жылы бұл бағытта 57 жоба қарастырылған.

- Төтенше жағдайлардың алдын алу, суды жинақтау және оны ауыл шаруашылығы мен рекреациялық мақсатта тиімді пайдалану үшін су қоймаларын күрделі жөндеуге басымдық берілген. Өткен жылы Бұқар жырау ауданындағы Тоғызқұдық пен Жастілек су қоймаларында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал биыл Шет ауданындағы Танатпай, Ақтұмсық және Мұхтар су қоймалары жаңғыртылуда. Келесі кезеңде өңірдегі тағы төрт нысан — Ботақара, Тимирязево, Босаға және Ақжар су қоймаларын жөндеу жоспарланған, қазіргі таңда олардың жобалары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сонымен қатар 13 су қоймасына техникалық тексеру жүргізіліп, олар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек, - деп мәлімдеді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Облыс аумағында су тазарту инфрақұрылымын жаңарту да қатар жүзеге асырылуда. Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Саран қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарында 15 тазарту құрылысы мен кәріз желілерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды 2026–2027 жылдары аяқтау көзделіп отыр.

Экологиялық саясаттың тағы бір маңызды бағыты — өзендерді санациялау. Өткен жылы Тоқырауын өзеніндегі жұмыстар толық аяқталды. Үлкен Бұқпа өзенінде ірі жоба іске асырылып, санациялау кезеңі толығымен аяқталды, енді жергілікті тазарту құрылыстарын орнату ғана қалды. Осакаров ауданында өткен жылы Үлкен-Құндызды, Сабыр-Қожа және Қарғалы өзендерін тазарту басталды. Биыл бұл жұмыстар Нұра өзенінің Волховское және Молодецкое учаскелерінде, сондай-ақ Соқыр және Шерубай-Нұра өзендерінде жалғасады.
Гидрологиялық жағдайды бақылау мақсатында Нұра мен Талды өзендерінде бұрын болмаған екі жаңа гидропост орнатылды. Бұл өзендердің су деңгейін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Балқаш қаласында ірі экологиялық жоба қолға алынған. Алдағы үш жыл ішінде қалалық жағажай аумағындағы Бертыс шығанағы түпкі шөгінділерден тазартылып, көл акваториясы үш метрге дейін тереңдетіледі. Сонымен қатар судың табиғи айналымына кедергі келтіріп отырған төрт пирс алынады. Жобаның жүзеге асуы Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға бағытталған.
Сонымен бірге бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық станциясының аумағындағы жерлерді рекультивациялау мәселесі де шешімін табуда. Өңірде тарихи ластануларды жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыста Мемлекет басшысының жасыл желек көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы орындалып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді қатысу жалғасуда. Өткен жылы шамамен 450 гектар аумаққа 1,6 миллионнан астам қарағай, жөке және үйеңкі көшеттері егілді. Сонымен қатар көшет материалымен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін питомниктердің қуаты кеңейтілуде. Орманды молайту, қорғау және сақтау мақсатында жаңа арнайы техника сатып алынып, өңірдегі ұлттық табиғи парктер үшін бес өрт сөндіру станциясы салынды.
Қалдықтарды басқару мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Абай қаласында қоқысты сұрыптау желісі бар жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны пайдалануға берілді. Алдағы уақытта осындай тағы алты нысан Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында салу жоспарланып отыр.
