2025 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында алты жаңа мектеп пен 1025 орындық балабақша пайдалануға берілмек. Бұл туралы аймақтың білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігі сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінгі таңда облыста 39 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатқан 415 балабақша мен шағын орталық жұмыс істейді. Биылдың өзінде жалпы сыйымдылығы 967 орындық бес жаңа мектепке дейінгі ұйым іске қосылған.
Өңірде ваучерлік қаржыландыру жүйесі белсенді енгізілуде. Осы модель аясында 17 875 бала 120 балабақшаға жолдама алып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды.
Мектеп білімін дамыту бағыты да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі 402 мектептің қатарына биыл тағы үш жаңа оқу орны қосылды. Олардың екеуі «Келешек мектебі» жобасы аясында — Қарағандыда (300 орындық) және Балқашта (900 орындық) салынды. Тағы бір мектеп Қарқаралы ауданының Талды ауылында ашылып, апатты нысанның орнына 200 оқушыға арналған жаңа ғимарат бой көтерді.
Жыл соңына дейін Шет ауданының Жарық кентінде 300 орындық мектеп ашу жоспарланған. Сонымен қатар, «Келешек мектебі» жобасы аясында тағы бес жаңа мектеп пайдалануға беріледі: Қарағанды мен Шет ауданында бір-бірден және Бұқар жырау ауданында үшеуі салынып жатыр.
— Материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын оқу кабинеттерінің паркі жаңарып, физика, химия, биология, STEM және робототехника бағыттары бойынша заманауи зертханалар сатып алынады. Соңғы екі жылда 142 жаңа кабинет жабдықталып, бұл оқу процесіне заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды енгізуге мүмкіндік берді, — деді Дулат Жекебаев.
Бұдан бөлек, облыста білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда 68 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек, оның 35-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.