BANNER

Қарағанды облысының үздік емханалары анықталды

МӘМС қорының Қарағанды облыстық филиалы

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасында «МСАК көшбасшысы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Ауқымды байқау өткен ай бойы өткізілді. Оны облыстың денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен Қарағанды облысы бойынша ӘМСҚ филиалы, сондай-ақ демеуші болған «YDD Corporation» ЖШС және «Қасиет-Фарм» ЖШС қолдауымен ұйымдастырды.
Салтанатты шараға ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Көпобаев қатысты.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары маңызды рөл атқарады, себебі ол пациент бағытының алғашқы сатысы. Емханалардағы жұмыстың сапасы азаматтардың медицина туралы көзқарасына әсер етеді. МСАК-ті қаржыландыру бюджет көлемі бойынша екінші орында – 2024 жылы оған 550 млрд теңгеден астам қаражат көзделген (бюджеттің 20%). Мен сіздердің денсаулық сақтауды дамытуға қосқан баға жетпес үлестеріңізді атап өткім келеді және әр қызметкерге адал жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын!», - деді Гүлжан Шайхыбекова.
Қор филиалының директоры қатысушылардың қандай критерийлер бойынша бағаланғанын айтты.
«Байқауға 37 медициналық ұйым қатысты. Халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту, медициналық көмектің сапасына шағымдар санын азайту, азаматтарымызды МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен оң жетістіктері туралы, сондай-ақ өңірдің аурудан айыққан пациенттері туралы хабардар ету конкурстың басты мақсаты болды», - деді Фазыл Көпобаев.
Байқау қорытындысы бойынша Теміртау қаласының №2 қалалық емханасы бірінші орынды иеленді. Демеушілердің қолдауымен медициналық ұйымға дефибриллятор-монитор берілді. Екінші орын электрокардиограф алған Абай ауданының аудандық ауруханасына берілді. Үшінші орынды «Clinic miras» ЖШС жеңіп алды. Оларға бойды өлшейтін механикалық құрал табысталды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қор басшысының орынбасары өңірдегі медициналық қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Медициналық ұйымдардағы қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Гүлжан Шайхыбекова Қарағанды қаласының №1 емханасында Үздік тәжірибелер орталығының тұсаукесеріне қатысты. Медициналық ұйым ұжымы медициналық көмек алудың тиімділігін арттыру үшін пациенттің емханаға келгендегі алғашқы бес минутында жақсы пікір қалыптастыруды мақсат етеді.
Үздік тәжірибелер орталығының жаңалықтарының бірі – жас аналарды оқытатын емханадағы ресурстық кабинет болып отыр. Сондай-ақ, медициналық ұйымда шала туылған балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған катамнез кабинеті бар. Халықтың медициналық сауаттылығын арттыру үшін денсаулық мектептері ашылған.
Мұндай үздік тәжірибелер орталықтары Қарағанды облысының барлық МСАК базасында ашылады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, халықтың ризашылығын арттырады деп күтілуде. Айта кетейік, бұндай орталық 2023 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды қаласының №3 емханасында жұмыс істейді.