Биыл Қарағандының жаңа жылдық безендірілуінде ұқыпты әрі ұтымды көзқарасқа басымдық берілді. Қала кеңістігінде қолданылып жатқан шағын сәулеттік формалар, шыршалар мен сәндік элементтер алдыңғы жылдары пайдаланылған. Биыл олар жаңартылып, заманауи шешімдермен толықтырылып, қайта қолданылуда. Кешкі мезгілде Қарағанды жарықтандыру, әсерлі жарық инсталляциялары мен тақырыптық композициялар арқылы ерекше мерекелік кейіпке енеді.
Осы қыстың басты тақырыбы — 2026 жылғы Олимпиада ойындары. Алдағы қысқы Олимпиада қарсаңында қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында қалада жарық инсталляциялары орнатылып, LED-экрандарда спортшылардың жаттығулары мен жарыстардағы өнер көрсетулерінен бейнематериалдар көрсетіледі.
Мерекелік күндердің шарықтау шегі 26 желтоқсанға жоспарланған. Сағат 18:30-да Тәуелсіздік алаңында биіктігі 20 метр болатын Қарағандының басты жаңа жылдық шыршасы салтанатты түрде жағылады. Кеш бағдарламасында сахналық қойылым, концерттік нөмірлер және отшашу көзделген.
Жаңа жылдық шыршалар Станиславский атындағы театрдың алдында, Жеңіс алаңында, «Алаш» аллеясында, Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің, Теміржолшылар Мәдениет үйінің, «Жастар» Мәдениет үйінің аумағында және ЖБИ гүлзарында да орнатылады.
Мерекелік іс-шаралардың негізгі шоғырланған аймағы — Орталық саябақ. Мұнда жарық аркасы бар кіреберіс тобы жасалып, олимпиадалық символика мен қазақтың ұлттық ою-өрнек элементтері үйлесімді қолданылмақ. Олимпиадаға арналған бейнематериалдар, қазақстандық спортшылардың жаттығулары мен жарыстардағы өнерлерінен үзінділер көрсетілетін LED-экрандар орнатылады. Орталық аллея жарық аркалары мен инсталляциялармен көмкеріліп, жағалауда он аркадан тұратын әсерлі жарық порталы пайда болады.

Каскадты аллея бірнеше деңгейде безендіріледі. Төменгі деңгейде сәндік сыйлықтар мен LED-элементтерден құралған биіктігі 12 метрлік жарық шырша орнатылады, ал көл бетінде кит бейнесіндегі инсталляция орналастырылады. Ортаңғы каскад ұлттық нақыштағы композициялармен — түйелер, сыйлықтар тиелген арба, фотозоналар және сағат бейнеленген аркамен толықтырылады.

Ал жоғарғы каскад алғаш рет безендіріліп, субұрқақ үстіне дыбыстық сүйемелдеуі бар 50 жарықдиодты жылқыдан тұратын табын мен Аяз ата мінген шана қойылады. Жоғарғы және төменгі деңгейлерді жарық аркасы байланыстырады.
Қысқы ойын-сауық нысандары да мерекелік атмосфераны айшықтай түседі. Орталық саябақта ауданы 4500 шаршы метр болатын, ұзындығы 580 метрлік желілік жол жүргізілген үлкен мұз айдыны ашылады. Мұз айдынының үстіне ілінген гирляндалар жұлдызды аспан әсерін сыйлар, жанында мерекелік контент көрсетілетін LED-экран орнатылады. Сонымен қатар, мұнда бес мұз сырғанағы жұмыс істеп, коньки мен тюбингтерді жалға алу мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен бірге, Сарыарқа көшесіндегі гүлзарда, Қазақстанның 50 жылдығы атындағы саябақта, Пришахтинск саябағында және Сұрыптау гүлзарында да мұз айдындары мен сырғанақтар ашылады. Барлық нысандар 26 желтоқсаннан бастап жұмысын бастайды, кіру тегін.

Жаңа жыл қарсаңында қала көшелеріне мерекелік символикамен безендірілген автобустар да шықты. №3 автопарк жеті автобусты жаңа жылдық стильде рәсімдеді: олардың борттарында аққалалар, шыршалар мен сыйлықтар бейнеленіп, «2026» деген жазу орналастырылған. Безендірілген автобустар № 5, 19, 40, 43, 118э және 146 бағыттары бойынша қатынауда.
Мерекелік безендіру Қарағандының барлық аудандарын қамтиды. Қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктерде жарық мүсіндер, шағын сәулеттік формалар, ағаштар мен аллеялардағы иллюминация, алаңдарда жаңа жылдық контент көрсетілетін LED-экрандар орнатылады. Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды жарқыраған шамдармен көмкеріліп, тұрғындар мен қонақтарға ерекше, сиқырлы мерекелік көңіл күй сыйлайды.
