BANNER

Қарағандыда дамуында ауытқуы бар балаларды ерте қолдау қызметі пайда болады

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағандыда үш жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларға ертерек қолдау көрсету қызметі ашылмақ. Облыста «Дара» қайырымдылық қоры «Мүмкіндіктер уақыты» жобасын іске асыруда.

Жоба жетекшісі Айгүл Табергенованың айтуынша, өткен жылы еліміздің 11 өңірінде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің базасында 18 қызмет ашылды. Білікті мамандардың көмегін 170-тен астам отбасы пайдаланды.

– Биыл «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесі белсенді қатысуда, – деп атап өтті «Дара» қорының өкілі. – Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында үш жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларға ертерек қолдау көрсететін алты қызмет ашуды жоспарлап отырмыз. Сәбилерді дамытудың аса маңызды кезеңінде арнайы оқытылған әлеуметтік қызметкерлер уақтылы және білікті қолдау көрсетеді. Спикерлер ретінде біз инклюзия саласындағы халықаралық сарапшыларды шақырамыз.

Қарағандыда жоба Қарағанды облысы әкімдігінің, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен іске асырылатын болады. Отбасыларды ерте қолдау қызметі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде қызмет көрсету бөлімшесінің базасында болады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша қажетті жабдықтар сатып алынуда. Екі әлеуметтік қызметкер оқудан өтуде.

– Ашылуы шамамен күзге жоспарланған, – деп атап өтті «Мүмкіндіктер уақыты» жобасының жетекшісі. – Бірақ толыққанды жұмыс жыл соңында басталады. Қызмет тегін көрсетіледі.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша