Қарағандыда BPO-орталық – фрилансерлерге арналған кеңістік іске қосылады, ол білім беру іс-шаралары мен мамандарды кәсіби дамыту үшін көрсетілетін қызметтер спектрін біріктіреді. Орталық халықаралық нарыққа шығуды қалайтын қарағандылық фрилансерлер үшін өсу нүктесі және жергілікті экономиканы дамыту үшін маңызды қадам болады.
ВРО – бұл Business Process Outsourcing, яғни бизнес-процестерді аутсорсингке беру. Бүкіл әлем бойынша компаниялар бұл модельді кәсіпқойларға тапсырма беру үшін пайдаланады.
Облыс орталығында жаңа ВРО-орталығын құрудың бастамашысы қарағандылық «Террикон алқабы» ІТ-хабы болды. Ұйымдастырушылар шетелдік компанияларға жұмыс істей алатын фрилансерлерге сенім артады. Бұл жергілікті экономикадағы қаражат айналымын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады.
– Біздің мақсатымыз – 2025 жылдың соңына қарай 500 фрилансерден тұратын қоғамдастық құру, олар халықаралық нарықта табыс табады, бірақ Қарағандыда болады. Бұл мамандар үшін жай ғана мүмкіндік емес, сонымен қатар өңірдің дамуына қосқан қуатты үлесі, – деп есептейді ІТ-хабтың бас директоры Сабир Ниязов.
ВРО-орталық шеңберінде тәжірибелі мамандардан дәрістер, курстар мен воркшоптар, комьюнитиге қатысушыларды дамыту үшін қызметтер (мысалы, тапсырыс берушілерді іздеуге және келісімшарттарды ресімдеуге көмек), сондай-ақ нетворкинг және әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі ұйымдастырылатын болады.
Жаңа қоғамды қолдау үшін алғашқы оқыту іс-шаралары ақпан айында өтті.
Наурызда сондай-ақ ВРО-комьюниті үшін іс-шаралар жоспарланған. 3 наурызда AI-мен жұмыс істеу курсы басталады, оған қатысушылар жұмыс істеу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, жеке AI-жобаны жасай алады. Ал 20 наурызда фриланске шыққысы келетін дизайнерлерді лекция мен нетворкинг күтіп тұр.
ВРО-орталық жұмысының арқасында келешекте бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады және өңірдің бәсекеге қабілеттілігі артады.