2024 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, мектепте бірқатар маңызды шаралар мен жарыстар ұйымдастырылды. Бұл күн ерекше әрі маңызды мереке болып, жастардың бойында ұлттық рухты, патриотизмді ұялатуға бағытталған шаралар өткізілді. Мектеп қабырғасында Тәуелсіздікке арналған "Тәңірден келген тәтті сый" атты мюзикл көрерменге ұсынылып, оқушылар мен ұстаздардың ыстық ықыласына бөленді.
Мюзиклдың ерекшелігі, қойылымның басталуы Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығын құрып, алғашқы тәуелсіздік үшін күресінен бастап, еліміздің Тәуелсіздік алуына дейінгі тарихи кезеңдерді қамтығандығында. Бұл тарихи оқиғалар арқылы көрермендер қазақ халқының азаттық жолындағы ерлік күресін, ел бірлігін, сондай-ақ тәуелсіздікке жету жолындағы тағдырлы сәттерді көруге мүмкіндік алды. Қойылым ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдениетке ерекше көңіл бөлініп, қазақ халқының еркіндік үшін күресінің мәні терең әрі әсерлі түрде көрсетілді.
Сондай-ақ, 6-7-8 сынып оқушылары арасында Қазақ күресінен "JAILY MEKTEP BARYSY" мектепшілік турнирі өткізілді. Бұл жарыс Тәуелсіздік күніне орайластырылып, еліміздің ұлттық спорт түрінің насихатталуына зор үлес қосуда. Турнирдің салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталды:
- 35 кг салмақта – Сайдағали Алинұр
- 38 кг салмақта – Жакенов Сұлтан
- 42 кг салмақта – Рымбаев Алдияр
- Абсолют салмақта – Нұрбол Анаралиев
Бұл жарыс оқушылар арасында қазақ күресінің маңыздылығын арттырып, жас ұрпаққа ұлттық дәстүрлер мен спорт түрлерін құрметтеу сезімін қалыптастырады. Жарыс жеңімпаздары мектеп барысы атанды және олар осы жеңістеріне мектеп ұжымының мақтанышына айналды.
Тәуелсіздік күні мерекесі аясында өткен шаралар жастардың бойында елімізге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді күшейтіп, оларды тек рухани тұрғыдан ғана емес, физикалық жағынан да шынықтырып, болашақ ұрпақты елдің дамуына үлес қосатын азаматтар етіп тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды.
Бұл мерекелік шараларда Қазақстан Республикасының дзюдо, қазақ күресі, самбо күресінен бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері Абылқайыр Мауленин және қазақ күресінен Азия жеңімпазы, Әлем кубогының жүлдегері, Қазақстан Барысы турнирінің қатысушысы, ұлттық құрама сапындағы халықаралық дәрежедегі спортшы Молдагулов Ерғанат та арнайы қонақ ретінде қатысты. Олар спорттың дамуына қосқан үлестері мен жеке жетістіктері туралы айтып, оқушыларға үлкен мотивация мен рухани күш-жігер берді. Сонымен қатар, олар "JAILY MEKTEP BARYSY" турнирінің қазылар алқасы болып, жеңімпаздарды марапаттап, жастарға болашақтағы спорттық жетістіктері үшін үлкен стимул мен қолдау көрсетті.