BANNER

Қарағанды облысында биыл 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында жыл басынан бері 2 трлн теңгеге өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Өңдеу секторында тұрақты өсу байқалады. Экономиканы дамыту және инвестициялар тарту жалғасуда.

Жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

– Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 327 млрд теңгеге дейін өсті. Жыл соңына дейін көрсеткіш жоғары болады. 2031 жылға дейін 4,3 трлн теңгеге 108 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, бұл 11 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді облыс басшысы.

Ол облыста қандай жаңа зауыттар пайда болатынын айтты: металл бұйымдарын ыстық мырыштау, болат тік тігісті құбырлар, алюминий радиаторлар өндіру. Ірі жобалардың қатарында Осакаров ауданындағы жел электр станциясы, «Сарыарқа» АЭА-да ферросилиций шығаратын кешен бар.

Облыста шағын және орта бизнес те белсенді дамып келеді, деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. Бұл секторда бүгінде 100 мыңға жуық субъект жұмыс істейді, 245 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жыл қорытындысы бойынша ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі 23% -ға өседі деп күтілуде. Бизнес-бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі: субсидиялар, кепілдіктер, гранттар және шағын несиелер беріледі.