BANNER

Қарағандыда жаңа стадион, мұз кешені және әмбебап арена салынады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында болашақ спорт кластері үшін үлкен жер телімі бөлінді. Онда жаңа жабық стадион, бассейні бар әмбебап спорт аренасы, көпфункционалды мұз кешені болады. Қарағандының даму жоспары туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесуде мәлім етті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөледі. Біздің алдымызда дені сау ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ отандық спортшыларды даярлаумен айналысу міндеттері тұр.

Біз Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында спорттық кластер салу үшін 72 га жер бөлдік. Қарағандыға жаңа стадион қажет екендігі туралы көптен бері айтылып келеді, Маған тұрғындар тарапынан үнемі осындай сұрақтар түседі. Сондықтан біз жабық стадион, хоккей, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған көпфункционалды мұз кешенін саламыз. Мұз аренасы тұрғындардың жаппай келуі үшін де қолжетімді болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сондай-ақ, аумақта жеңіл атлетика манежін, бассейні, күрес және бокс залдары бар әмбебап спорт аренасын саламыз. Барлық нысандар халықаралық стандарттарға сай болады, бұл тиісті деңгейде жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. 

Құрылыс келесі жылы басталады. Бұл ауданның дамуына оң әсер етеді және спортшыларға серпін береді.

Майқұдық тұрғындары үшін де жақсы жаңалық. Балаларды дамыту үшін Пришахтинск шағын ауданындағыдай заманауи оқушылар сарайы салынады. Жер учаскесі табылды, дайындық процесі басталды.