BANNER

Қарағандылық мұғалімдер IMPACT Olympiad олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінді

Фото: Аманжол Жекебайдың жеке мұрағатынан

Алматы қаласында өткен VIII Халықаралық ашық шығармашылық IMPACT Olympiad олимпиадасында Қарағанды облысының педагогтары жүлделі орындарға ие болды. Беделді зияткерлік сайыста өңір атынан қатысқан бес мұғалім жоғары нәтиже көрсетті.

Төрт сағат бойы қатысушылар пәндік теория мен оқыту әдістемесіне қатысты күрделі тапсырмаларды орындап, кәсіби даярлық деңгейін дәлелдеді.

Олимпиада қорытындысы бойынша күміс медальді Шет ауданы Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Аманжол Жекебай, Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның информатика пәні мұғалімі Гүлзира Әділхан және Қарағанды әйелдер гимназиясының математика пәні мұғалімі Вадим Мелешко жеңіп алды.

Қола жүлдеге Теміртау қаласындағы №1 гимназияның физика пәні мұғалімі Алексей Прутько мен Нұра ауданы М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі Жасұлан Азаматұлы ие болды.

Жеңімпаздарды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтап, олардың өңірдегі білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі мен аймақтың халықаралық деңгейдегі беделін арттырудағы маңызын атап өтті. Олимпиада жүлдегерлерінің барлығы облыс әкімінің алғыс хаттарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Кездесу барысында педагогтар өздерінің авторлық бағдарламаларын, ғылыми әзірлемелерін таныстырып, оқушылармен жұмыс істеудегі тәжірибелерімен бөлісті.

Физика пәні бойынша күміс жүлдегер Аманжол Жекебай олимпиадаға қатысудан алған әсерімен бөлісті.

— IMPACT Olympiad – 2026 жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылды. Тапсырмалар халықаралық академиялық стандарттарға сай болып, терең талдауды талап етті және педагогтардың шығармашылық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік берді. Мұндай олимпиадаға қатысу — үлкен сынақ әрі зор жауапкершілік. Себебі сен тек өзіңді ғана емес, бүкіл өңірді таныстырасың. Сайыс жүйелі дайындық пен табанды еңбекті қажет етеді, сонымен қатар, әсіресе жас мамандар үшін, кәсіби өсуге мықты серпін береді, — деді ұстаз.

IMPACT Olympiad жобасының авторы — белгілі қазақстандық математик әрі ғалым-физик Асқар Жұмаділдаев. VIII Халықаралық олимпиадаға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Индонезия, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия және Тәжікстанды қоса алғанда, 16 елдің өкілдері қатысты. Зияткерлік додаға барлығы 400-ге жуық мұғалім мен жаттықтырушы жиналды.