Ақын, Мемлекеттің сыйлық иегері, Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Алаштың белгілі қазақ ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы 1950 жылы 22 қыркүйекте Тарбағатай тауында дүниеге келген. 12 жасында ата-анасымен бірге атамекеніне оралады. Орта мектепті бұрынғы Семей облысына қарасты Баршатас ауылында оқыды. Болашақ жазушының поэзиядағы бастапқы, бірінші үлгісі белгілі бір ақынның туындылары емес, қазақтың қара өлеңі еді. Ол қара өлең үрдісімен құрбы-құрдастарын сықақтайтын.
Семейдің тумасы еңбек жолын өте ерте бастады. 1967 жылы 8 сыныптан кейін мектепті тастап, журналистика саласымен айналысты.
Ол алғашқы қызметін Шұбартау аудандық «Жаңа Өмір» газетінде әдеби қызметкерден бастайды. Тырнақалды туындылары да, алғашқы «Балалық» өлеңі де осы газетте жарияланды. Несіпбекті жастай қызметке алған аудандық «Жаңа өмір» газеті әдебиет әлеміне апаратын баспалдаққа айналды. Таланты жас ақын үшін шынымен де жаңа өмір басталды.
Одан кейін екі жылдай аудандық газетте жұмыс істеп, 1969 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы бітіреді. 1972 жылы қазіргі «Жас алаш» газетінде алғашқы топтамасы жарық көрді.
1973 жылы «Балдырған» журналының бас редакторы болып жүрген қазақ ақыны, халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев студент Айтұлын жұмысқа шақырып, журналдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп қызметке алды. Несіпбек Айтұлы осы журналда балалар поэзиясы бөлімін басқарып, балаларға қалай жазу керек екенін үйренді. Сол 10 жылда кітаптар шығарды, өлеңдері бастауыш мектептің оқулықтарына енді. Көпшілігі балалар әдебиеті оңай деп ойлағанымен, негізі олай емес. Жазушы балалар поэзиясын жазу үшін көп үйренді. Ұстазы Мұзафар Әлімбаевтан бастап Қадір Мырзаәлиев, Өтебай Тұрманжанов, Сапарғали Бегалин секілді балалар әдебиетінің майталман қаламгерлерінен көп үйреніп, тәжірибе алды.
Қызметін «Балдырған» журналынан бастап, балалар әдебиетінде шыңдалған Қадір Мырзаәлі ағасының жолын қуып, Несіпбек те үлкен поэзияға ден қойды. Ондағы әрбір өлеңі оқырмандарға ой салды. Өзі бір көрген жайттың бәрін көркем кестеге көшіргенде керемет жырлар туатын.
Жазушылық өнерін осылай шыңдаған ақын «Жар жүрек соға бер» және «Бас сүйектер» поэмалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік комитетінің баспа, полиграфия және кітап саудасы, Қазақстан комсомолы орталық комитеті, Жазушылар одағы және «Жалын» баспасының сыйлығын иеленді. 1974 жылы «Найзағай» поэмасы үшін марапатталды.
Кейін 1983-1984 жылдары «Жалын» баспасында редактор міндетін атқарды. Содан кейін 10 жыл аралықта Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Ақын» қауымдастығының директоры болып қызмет етті.
Несіпбек Айтұлы «Алғашқы жол», «Көктем тынысы», «Уақыт жаңғырығы», «Әке туралы сыр» және басқа да кітаптардың авторы. 1988 жылы жазушының бастауыш мектеп оқушыларына арналған «Күміс күйме» өлеңдер жинағы орыс тілінде жарық көрді.
Айтұлы 1997 жылдан 2001 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Ал 2001 жылдан бастап Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет атқарды. Соңғы жылдары «Алтын тамыр» журналының бас редакторы болып жүрді.
Несіпбек Айтұлы сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл мен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен марапатталған. Аягөз және Табағай аудандарының құрметті азаматы.
Тарбағатайдан шыққан ақындар мен батырлар жеткілікті. Қаракерей Қарабанбай батыр мен Дулат Бабатайұлы ақынның өздері қазақ санасынан өшпес ерліктер мен дастандар қалдырған. Міне, сол киелі өңірде туған Несіпбек Айтұлы да қазақ халқына асыл мұра қалдырған ақын. Алакөл суының көптеген ауруларға ем екені белгілі, Несіпбектің бойына бала кезде Тарбағатай шөбінен қуат берілсе, Алакөлдің суынан шипа құйылған. Ал өлең шіркін қанмен дарығаны талассыз. Себебі, Несіпбектің атасы да, әкесі де, нағашылары да ақын болған екен. Сондықтан оның бойына ақындық екі жақтан берілуі мүмкін. Мүмкін таудың табиғатынан, топырақтың, туған жердің киесінен де болар.
Несіпбек Айтұлы Тарбағатайдың бер жағы мен арғы жағынан жауды қуған, елін басқыншылардан тазартқан 17-18 ғасырлардың батырлары жайлы жиі қалам тербеді. Оның Қабанбай, Бөгенбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжан, Наурызбай туралы жазған дастандары қазақ поэзиясының елеулі табысы деп бағаланды. Қаламгер мұражайға келгеннен кейін қазақтың ұлы батыры «Жалаңтөс Баһадүрұлы» туралы қалам тартты. Ақын бүкіл тәуелсіздік, әсіресе Абылай заманынан бері, сол заманның батырлары, кешегі, бүгінгі заманның тұсындағы қазақтың тағдыры туралы толғаныстар, жалпы тәуелсіздіктің тұтас шежіресін өлең тілімен өрнектеген қаламгер.
Несіпбек Айтұлы сол бабалар тағдырындағы тарихпен сабақтастықты аша отырып, «Сардар» поэмасын дүниеге әкелді. Ол қалың оқырманға «Әке туралы сыр», «Жүректегі жаңғырықтар», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Жаңбыр әні», «Рухымның падишасы», «Бәйтерек», «Мұқағали-Желтоқсан» сондай-ақ, жас оқырмандарға, яғни балаларға арналған «Бала-бақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», екі тілде шыққан «Күміс күйме», «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптарының авторы ретінде танымал.
Тарбағатай тауының топырағында дүниеге келген Несіпбек Айтұлы елге танымал ақын болды. Халық құрметіне бөленіп, төрден орын алатын жасқа жетті. Ақын бастапқыда сезімді, кейін оқиғалы өлеңдерімен танылып, ақырында көлемді дастандар жазуға мышықтанды. Бұл орайда зор табыстарға жетті. Соның бір сатысы болған оқиғалы өлеңдері қазақ әдебиетіндегі құбылыс деп бағаланды.
Несіпбек Айтұлы тек жазушылықпен ғана айналысқан жоқ, сондай-ақ ол шебер аудармашы. Оның «Ескендір қорғаны», «Игорь жорығы туралы жыр» жане басқа аударма кітаптары бар. Ол қытай, француз, түрік, орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Соның ішінде, Бо Цызюдің, француз ақыны Родаридың, Түріктің ұлы ақыны Жүніс Еміренің, сондай-ақ Исаковский, Барто, Михалков, Баруздин, Берестов, Сыдықовтың өлеңдерін аударды.
Несіпбек Айтұлының«Бас сүйектері», «Жасынның сынығы» «Найзағай» поэмаларынан басқа «Көз жасым, «Бөрітостаған», «Құланойнақ», «Бөгенбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Бәйтерек», «Қара-өткел қырғыны» секілді шығармалары бар.
Ол «Мұхтар мен Абыз» толғауы үшін Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін және 2001 жылы «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасымен республикалық әдеби конкурстың сыйлығын алды. Ал 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері атанған.