BANNER

Миллион теңге жалақы беретін жұмысқа тұрамыз деп 300-ге жуық адам алданып қалды

.

Айласына құрық бойламайтын алаяқтар шет елге барып, толағай табысқа кенелесің деп алты бірдей облыстың тұрғындарын алдап кеткен. Сан соғып қалған 300-ге жуық адам әлгі әккілерге жарты миллиард теңге жинап беріпті. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

6 облыстың тұрғындары Англияға жұмыс істеуге барамыз деп Тараздағы "Центр трудоустройства" серіктестігіне қаржы құйған. Ең азы 300 мың теңге салған. Тіпті 2 млн теңгесін санап бергені бар. Қолдарына келісім шартты ұстатқан. Визадан бастап, ұшақ билетінің құны, жатын жері кіреді деп сендірген. Ал айлығы 1 млн теңгеден асады деп уәде еткен. Алданған азаматтардың қатарында Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе және Орал қаласының тұрғындары бар.

"Англиядан біреумен сөйлестірді. Әңгімелесу өткізесіңдер деді. Сосын келісімін берсе, барасыңдар деді. Бермесе, ақшаңды қайтып береміз деген", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Төрежан Шералханов.

"Бүгін кетесің, ертен кетесің, арғы күні кетесің деп әлі алданып келе жатыр. Не ақша жоқ, не жұмыс жоқ! Жетіскеннен бара жатқан жоқпыз. Бізде жалақы жақсы болса, өмір сүруге жететін болса, шетелге қаңғып неміз бар?", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Назира Тайкиева.

Жарты жылға жуық уақыт ішінде бармаған жері қалмаған. Жазылған арызды "азаматтық іс" деп жылы жабады екен. Қырыққа жуық адам жиналып шу шығарған соң құрамында қылмыстық әрекеттердің бары негізге алынып, іс қайта ашылды. Адамдардан ақша жинаған компания басшысына іздеу жарияланады.

"Жамбыл облысында тіркелген ЖШС-ға адамдар шетелде жұмысқа тұру үшін ақшасын берген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде", - деп түсіндірді облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Алмас Саламатов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша компанияның ісі толық дәлелденбейінше тек күдікті ретінде тергелетінін айтады. Ал алдандық деген азаматтардың арызы көптігінен бұл іс көпке созылатыны анық.