BANNER

Нұра ауданында сүт-тауар фермасы салынуда

.

Нұра ауданы Көбетей ауылында қуаттылығы жылына 10 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасы ашылады. Кешен мың бас сауын сиырға арналған. Жаңа кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жергілікті өнім өндірісін ұлғайтады.

АӨК-дегі инвестициялық жоба Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа Нұра ауданына жұмыс сапары кезінде таныстырылды.

Мал шаруашылығын дамытумен "Черниговский и К" ЖШС айналысады, оның негізгі қызметі – дәнді дақылдарды өсіру.

Ферма құрылысы басталды. Қазір іргелі жұмыстар жүргізілуде, құрылыс материалдары жеткізілуде.

– Келесі жылдың басында жабдықты жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. 2024 жылдың күзінде жұмыстар аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс, – деді басқарушы менеджер Арман Нұржанов.

Сондай-ақ облыс әкіміне астық тазартқыш көрсетіліп, жерді суару жобасы туралы баяндалды.

Ермағанбет Бөлекпаев Байтуған ауылына келіп, халық жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын тексерді.

Ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Ескі ғимарат осы қызмет үшін бейімделген, еш жөндеусіз болған.

Қазір барлығы жайлы, бөлме жылы.

Жақында жиһаздар мен жабдықтар жаңартылады, медицина мамандары да келеді.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша жолдар ретке келтіріледі, асфальт төселеді. Жөндеу жұмыстарымен жеті көше қамтылды.

Ермағанбет Бөлекпаев жергілікті мәдениет үйінің модульдік қазандығын аралап көрді.

Сонымен қатар, оған салынып жатқан саябақ көрсетілді. Жергілікті фермер жерлестері үшін демалыс орнын құруды қолға алған. Ойын және спорт алаңдары болады, ал саябақ аумағы абаттандырылады.

– Бұл менің туған ауылым, осында туып-өскенмін. Астанада жоғары білім алып, ауылыма оралдым. Мен егіншілікпен айналысамын, дәнді дақылдар өсіремін. Бос уақытын өткізетін орын болмағандықтан жастар ауылдан кетпесін деп саябақ салуды шештім, – деп атап өтті "Байтуған" ШҚ басшысы Мақсат Нұритдинов.