2025 жылғы 16 мамырда Саран қаласындағы Достық үйінің конференц-залында «Кибералаяқтыққа қарсы күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қарағанды облысы Білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Оған білім беру саласының өкілдерінен құралған 60-қа жуық адам қатысты.
Дөңгелек үстелде кибералаяқтықтың қазіргі заманғы түрлері, интернеттегі қауіп-қатерлер және цифрлық кеңістікте қорғану тәсілдері талқыланды. Сонымен қатар, педагогтар мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернетте қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар тәжірибе алмасып, білім беру ұйымдарында киберқылмыстың алдын алу бойынша жаңа бағдарламаларды енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік саласында білім беру мекемелері мен мамандардың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында киберқауіпсіздік бағытындағы алдын алу жұмыстарын күшейту және ақпараттық сауаттылықты дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар жасалды.