BANNER

Су құбыры қайта жаңғыртылып, Теміртауда 18 мың тұрғын тұрақты сумен қамтылды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Теміртауда Заводская көшесіндегі магистральдық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Гидравликалық көрсеткіштердің жақсаруының нәтижесінде қаланың батыс бөлігінде тұратын 18 мыңнан астам тұрғын тұрақты ауызсумен қамтамасыз етілді.

Жаңартылған магистраль Нұра су алымының сорғы станциясын, «ТЭМК» АҚ аумағын және Абай көшесіндегі көтергіш сорғы станциясын өзара байланыстырады. Аталған су құбыры қаланың салқын сумен жабдықтау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып саналады және ұзақ уақыт бойы кешенді қайта жаңғыртуды қажет еткен.

Бұл магистраль Әлеуметтік қала ауданына, әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ «Сопка Опан» сорғы станциясына су жеткізуді қамтамасыз етеді. Дәл осы станция арқылы су Теміртаудың орталық бөлігіне таратылады. Су құбыры 1954 жылы пайдалануға берілген және ондаған жылдар бойы күрделі жөндеусіз жұмыс істеп, біртіндеп өзінің нормативтік ресурсын сарққан. Пайдалану кезеңінде құбырлардың тозуына және топырақ ерекшеліктеріне байланысты бірнеше рет зақымдану жағдайлары тіркеліп, бұл су тарату жүйесінің кідіру қаупін тудырған.

Осыған байланысты су құбырын техникалық параметрлерін қайта қарау арқылы толық ауыстыру туралы шешім қабылданды. Қайта жаңғырту жобасы 2024 жылы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Ал 2025 жылы жоба толық көлемде іске асырылды.

— Біз ұзындығы 3,5 шақырым болатын су құбырының жаңа тармағын төседік, 18 құдық, жаңа ысырмалар мен коллекторлар орнаттық. Жұмыстар бес ай бойы жүргізілді. Жобада қарастырылмаған жартас топырақты учаскеде белгілі бір қиындықтар туындады. Оны игеру үшін екі шынжыр табанды экскаватор мен гидробалға пайдаланылды, — деді учаске бастығы Олег Лемешков. — Су құбыры кепілдікке қойылған, алдағы бес жыл бойы біз оны сүйемелдеп отырамыз.

Қайта жаңғырту барысында тек құбырлар ауыстырылып қана қоймай, олардың диаметрі де 500 миллиметрден 630 миллиметрге дейін ұлғайтылды. Жұмыстарда отандық және шетелдік өндірушілердің материалдары қолданылды.

Жүргізілген реконструкция магистральдың өткізу қабілетін арттырып, гидравликалық көрсеткіштерді жақсартуға және Теміртаудың батыс бөлігін салқын сумен анағұрлым сенімді әрі тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.