«Террикон алқабы» IT-хабы жыл сайын өтетін желтоқсандық неконференцияға тіркеудің ашылғанын жариялады. Іс-шара 12 желтоқсанда сағат 18:30-да өтеді. Формат гибридті: қатысушылар онлайн қосыла алады, ал офлайн-кездесулер Алалыкин көшесі, 12 мекенжайындағы IT-хабта өтеді.

Қатысушылар стартаптарға инвестиция тарту жолдары, жасанды интеллект дамуына байланысты IT және digital-саладағы жаңа трендтер, сондай-ақ жеке және командалық көшбасшылық дағдыларды қалыптастыру әдістері жөніндегі сарапшылардың баяндамаларын тыңдайды.
Конференцияға қатысу тегін. Өтінім беру үшін келесі сілтемедегі форманы толтыру қажет: terricon.kz.
— Біздің неконференция IT саласында жұмыс істейтін немесе осы бағытта дамып жүргендерге, өнім әзірлеу және стартап экожүйесінде жүрген мамандарға қызықты болмақ: студенттерге, әзірлеушілерге, инженерлерге, менеджерлерге, кәсіпкерлерге және бұл тақырыпқа қызығатын өзге де тыңдаушыларға. Неконференцияның форматы ерекше — лекция кезінде қатысушылар еркін сұрақ қойып, спикерлер тікелей жауап береді. Ал теориялық бөлім аяқталған соң, спикерлер мен қатысушылар нетворкингте бас қосып, лекторийде талқылай алмаған мәселелерді бейресми жағдайда жалғастырады, — деді «Террикон алқабы» маркетинг бөлімінің басшысы Георгий Сергеев.

Желтоқсандық неконференцияның спикерлері:
- Роман Белопольский, 4sell.ai стартапының CEO-сы және тең құрылтайшысы — «Неліктен инвестор “жоқ” дейді: Қазақстандағы фандрейзинг тәжірибесі» тақырыбында дәріс оқиды;
- Айбек Талғатбек, «Бухта» жобасының менеджері — Қазақстандағы жаңа салықтық режим және өздігінен жұмыспен қамтылған мамандармен жұмыс істеу тәртібі туралы бөліседі;
- Айгерім Қанапина, Teachbox.kz негізін қалаушы — команда ішінде 8 аптада көшбасшыларды қалай қалыптастыруға болатынын түсіндіреді;
- Егор Косарецкий, InDrive компаниясының MLOps инженері — MLOps инженері кім және бұл салаға қалай келуге болатынын түсіндіреді;
- Айбат Мұхамметжан, AIFC IT-өнімдер бөлімінің жетекшісі — «AI-Ренессанс: автономды агенттер дәуірі және жаңа стартаптар» атты дәріспен сөз сөйлейді;
- Андрей Захарченко, Wooppay мобильді әзірлеу бөлімінің жетекшісі — «Skinmarket, Steam, Android» тақырыбында лекция оқиды.
Іс-шара Қарағанды облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының қолдауымен өтеді.
Конференцияның толық видеожазбасы шара аяқталғаннан кейін YouTube платформасында жарияланады.
Онлайн режимінде тікелей қосылу да мүмкін: ол үшін жоғарыда көрсетілген сілтеме арқылы тіркеліп, Zoom платформасына кіруге арналған деректерді алу қажет.
