BANNER

Түркістан облысында полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Canva

Түркістан облысында үш полиция қызметкері 18 жастағы қызды зорлады деген күдікпен айыпталуда. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, аталған дерек бойынша күдікті деп танылған полицейлер қызметінен бірден босатылған. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі stankznews телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі таңда бұрынғы полиция қызметкерлерінің аталған оқиғаға ықтимал қатыстылығы толық көлемде тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оларға принципті құқықтық баға берілетін болады», – деді министрліктің ресми өкілі.

Министрлік мәліметінше, жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде аталған қызметкерлер ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін теріс себептермен жұмыстан босатылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.