BANNER

Жасанды интеллект қарағандылық жүргізушілерге бос автотұрақтарды табуға көмектеседі

Фото: Life09

Қарағанды облысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект белсенді түрде енгізілуде. Өңірдің IT-мамандары әзірлеген жаңа жоба көлік жүргізушілеріне бейнебақылау камералары мен компьютерлік көру технологиясы арқылы бос тұрақ орындарын тез әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген цифрландыру міндеттерін іске асыру барысы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен жиында талқыланды. Кездесуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті.

– Біз технология мен жасанды интеллект экономиканың қозғаушы күшіне айналып келе жатқан жаңа индустриялық дәуірге аяқ бастық. Өңір кәсіпорындарында цифрлық егіздер, техникалық көру жүйелері мен автоматтандырылған алгоритмдер қолданысқа енгізілуде. Бұл шешімдер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады, шығындарды азайтады және өңір өнеркәсібінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті AI-Sana ұлттық бағдарламасына енді. 

Бұл бастама жасанды интеллект, деректерді талдау, робототехника және цифрлық өндіріс салаларында жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Жиын барысында университеттің ғалымдары мен студенттері өздерінің бірқатар инновациялық жобаларын таныстырды.

Олардың қатарында гидронысандарды бақылауға арналған дрондар, 

тау-кен қазбалары мен карьерлердің техникалық жағдайын қадағалау жүйелері, 3D-принтерлер және «ақылды қала» тұжырымдамасына негізделген заманауи шешімдер бар.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий Smart Region тұжырымдамасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, жасанды интеллект жолдардың жағдайын бақылауға, бағдаршамдардың жұмысын оңтайландыруға және жасыл желектерді есепке алуға мүмкіндік береді.

– Қазір біз автокөлік жүргізушілерінің күнделікті өмірін жеңілдететін жаңа жоба әзірлеудеміз. Жүйе қалалық бейнекамералар арқылы бос тұрақ орындарын автоматты түрде анықтап, деректерді навигациялық қосымшаларға жіберіп отырады. Тестілеу кезеңінде жоба өз тиімділігін толық дәлелдеді, – деп атап өтті Константин Ильницкий.

Ол бұл технологияның нақты жұмыс істеу үлгісін теміржол вокзалы маңындағы автотұрақ мысалында көрсетті.

Білім беру процесіне цифрлық шешімдерді енгізу туралы Әбілқас Саңынов атындағы ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева баяндады. 

Сондай-ақ кездесуде халықаралық сарапшы өз пікірін білдіріп, студенттер стартап-жобаларын таныстырды.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жасанды интеллектті дамыту жөніндегі аймақтық жоспар әзірлеуді, сондай-ақ ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы серіктестікті күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар аймақ басшысы университет ұжымының бірқатар өкілдеріне ғылым мен инновацияны дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.