Қарағанды облысында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары цифрлық шешімдерді енгізумен қатар жалғасып жатыр. Шахтинск қаласында Қарағанды – Шахтинск тасжолындағы жаяу жүргіншілер өткелінде қозғалыс датчиктері бар жарықтандыру тіректері орнатылған. Мұндай smart-жүйелерді облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы өзге де аудан орталықтарында енгізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шағдат мәлім етті.
— Біз өңір жолдарындағы қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыруға бағытталған заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеміз, — деді Аян Шағдат.
Облыста жол желісін қорғау және дамыту бағытындағы жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Шахтинск – Есенгелді автожолының қар үйілу қаупі жоғары учаскесінде, Сәрепті ауылы маңында 800 метр қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылып жатыр.
Қарағанды – Шахтинск тасжолындағы «Восточная» байыту фабрикасы маңындағы жолайрық аумағында қозғалыстағы жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшейтін жүйе орнату жоспарланған. Бұл жүктемені бақылауға және жол жабынын сақтауға мүмкіндік береді.

2026 жылы жалпы пайдаланымдағы автожолдардың шамамен 500 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Саран – Шахтинск бағыты бойынша ұзындығы 19 шақырым болатын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Оның 16 шақырымында үш қабатты асфальт төселіп үлгерген, қалған бөлігі биыл аяқталмақ. Сонымен қатар Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Осакаров – Есіл автожолындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта мамандар көпірге кіреберіс жолдарды абаттандыруда.
Биыл ұзындығы 5 шақырым болатын Шахан – Жаңаталап жол учаскесінің реконструкциясы аяқталады. Бұл аумақта жол негізі толық ауыстырылып, үш қабатты асфальт жабындысы төселген.
Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі 6 шақырым жолды қайта жаңарту жобасы әзірленген. Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, мердігер анықталған.
Saran индустриялық аймағын дамыту мақсатында Қарағанды – Астана тасжолына шығатын 21 шақырым жолды қайта жаңарту жобасы дайындалды. Қазіргі таңда жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы іске асыру тетігі қарастырылуда.
Биыл облыстық маңызы бар жолдардың 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

— Бұл учаскелерде екі қабатты асфальт төселеді, бұл жол жабынының қызмет ету мерзімін ұзартып, жоғары жүктемелерге төтеп беруіне мүмкіндік береді, — деп атап өтті Аян Шағдат.
Сонымен қатар Қорғалжын – Баршын жолының проблемалық бөлігінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында үш елді мекендегі ішкі ауылдық жолдар жөнделіп, жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайды.
Өңірде жол бойын көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Сарыарқа әуежайына апаратын жол бойында 1,7 гектар аумақта пирамидалы теректерден орман белдеуі қалыптастырылады. Қарағанды – Жаңа Дубовка тасжолының бойына 3000-нан астам ағаш егілген.