Абай облысының тұрғыны Ержан Серіков желіде қайғылы жағдай туралы баяндады. Оның сөзінше, былтыр қазан айында Семей – Өскемен тасжолында жол апаты болған. Салдарынан жұбайы қаза тауып, екі жасар ұлы бір көзінен айырылған.
Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ержан апатқа КамАЗ жүргізушісін кінәлайды. Себебі, ол жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырып, тіркемесімен жолды жауып қалған. Осылайша қарсы бағытта келе жатқан көлікке кедергі келтірген. Салдарынан жеңіл көлік КамАЗ-ға соғысқан.
Сот КамАЗ жүргізушісін 2,6 жылға соттаған. Алайда жәбірленуші бұл жазаны тым жеңіл деп есептейді.
Ал жүк көлігінің иесі, жүргізуші куәлігі жоқ адамды рейске жібергеніне қарамастан, іс бойынша тек куәгер ретінде өткен. Ержанның айтуынша, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де осы көліктің жүргізушілері куәліксіз әрі сақтандырусыз жолға шыққан.
Ер адам президентке, Бас прокурор мен Ішкі істер министріне үндеу жасап, істің әділ қаралуын сұрады.
Әйелім қаза тауып, балам көзінен айырылды...
Фото: Life09