Қарқаралы қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында «Мәди Бәпиұлы атындағы мешіт» бой көтеріп, исі мұсылман қауымының игілігіне берілді. Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған Құнанбай Өскенбайұлы салдырған мешіттен кейін араға 174 жыл салып, бой көтерген Алла үйінің ашылуына қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров арнайы келді.
Қадірлі амал «Темир Гроуп» компаниясының өкілдері Айдын Мезгілбаев, Қалдыбай Оразбаев, Марғұлан Мәуленов бастаған аудан халқының демеушілігімен жүзеге асып, заман талабына сай, биік мұнаралы, алтын күмбезді мешіт бой көтерді.
– Келбеті келіскен мешітіміз жаңа әрі сәулетті ғимарат ретінде қаламыздың көркіне көрік қосты. Әсіресе, екі ғасырлық тарихы бар қаламыздың биылғы мерейтойына жаңа мешіттің ашылуы үлкен сый, маңызы зор жаңалық болғаны сөзсіз. Осы бір зәулім ғимараттың салынуына мұрындық болып, көп қажыр-қайратын жұмсаған жерлесіміз, белді кәсіпкер Айдын Мұхамбетжанұлына үлкен алғыс білдіреміз! Әрине, ортақ іс болғаннан кейін Қарқаралының жұртшылығы, қалың жамағат та мешіттің құрылысына мүмкіндігінше атсалысқанын, көмек қолын созғанын атап өткен жөн. Бұл мешіт алдағы уақытта халықтың жүрегіне иман нұрын төгетін, жастарымызға ғибратты тәлім-тәрбие беретін үлкен рухани орталыққа айналатынына сенімдіміз, – деп аудан әкімі Әділжан Арғынов өз құттықтауын жеткізді.
Қаланың кіреберісінде орналасқан зәулім мешіттің сыйымдылығы 220 адам. Ерлер мен әйелдерге арналған екі үлкен зал, имамдарға арналған 2 бөлме және арнайы рәсімдер жасайтын орындары бар. Жалпы мешіттің биіктігі – 15,7 метр болса, мұнарасының биіктігі – 21 метр. Алдағы уақытта 152 орындық асхана, автотұрақ салынбақ.
Имандылық пен адамгершілікті насихаттап отыратын мешіттің ашылуында Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, тарих ғылымдарының докторы, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әпсәметов, ардагерлер Марат Мәуленов пен Сағымбай Түсіповтер жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, Қарағанды облысының Әнет баба мешітінің бас имамы Естай Айтуғанұлы сөз сөйлеп, бас мүфти Наурызбай қажының Алғыс хатын Айдын Мезгілбаевқа тапсырды.
Құттықтау рәсімінен соң Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен ардагер ақсақал Мұхамбетжан Мүлікбайұлы ашылу рәсімін жасап, жаңа мешітте алғашқы жұма намазы оқылды.
Дүбірлі шараға орай, жаңа мешітте қарилар мен жасөспірімдер қатысқан республикалық және облыстық құран оқу сайысы өтті.
Мешіттің ашылуы ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Балуандар белдесіп, тай, құнан, топ бәйгемен, аламанда тұлпарлар тұяғы айналаны дүбірге бөледі. Көкпаршылар да есеп арттыруда есе бермеді. Еліміздің әр түкпірінен жиналған атбегілер мен шабандоздар, жанкүйерлер бас қосқан аламан доданың жүлдесі де қомақты. Ауданның атымтай жомарт азаматтарының қолдауымен ат-шапаннан бөлек, жүлдеге тігілген автокөліктер де баршылық.
Бәйге десе делебесі қозатын жанкүйерлер үшін жаңбыр да тосқауыл болмады. Атшабарға жиналған қауымның қиқуымен жеңімпаздар анықталды.
25 шақырымдық аламанда алқынбай мәреге жеткен Алматыдан «Сайгон» есімді тұлпарымен келген Ұлан Омаров І орынды қанжығаға байлап, «Jetour» автокөлігін тізгіндеді. ІІ орынға тігілген «Лада Гранта» автокөлігі «Сарыарқа» атты жүйріктің иесі астаналық Нұрдәулет Әкімжановқа бұйырды. ІІІ орынның 1 млн. теңге жүлдесін Нұра ауданынан келген Еділ Досмағанбетовтың «Қасқалдағы» еншіледі.
Топ бәйге де жүлдесіз болмады. 15 шақырым қашықтық аралығында І орынның «Лада Гранта» автокөлігін Шет ауданынан келген Серғазы Шалғынбаевтың, ІІ орынның 1 млн. 500 мың теңгесін Алматы облысынан келген Ғабит Үмбетовтің, ІІІ орынның 500 мың теңгесін Алматыдан келген Нұрбек атбегінің тұлпары иеленді.
Құнан жарысы мен тай шабысында да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталып, марапатталды.
Ептілер егесіп, білектілер күш сынасқан көкпарға 10 команда қатысты. Нәтижесінде, І орынды – Меркі ауданынан келген команда, ІІ орынды – Қарқаралы құрама командасы, ІІІ орынды Астана мен Бұқар жыраудан келген көкпаршылар иеленді. Сәйкесінше, 5 млн, 3 млн. және екі үшінші орынға 1,5 млн. теңгеден жүлде табысталды. Ал, «Өгіз өлді» жаппай көкпарда ұпай еншілеген түркістандық Ералы Мамиров балуан Лада Гранта автокөлігіне ие болды.
Сонымен қатар, 70 келіге дейінгі қазақ күресінде І орынды ұлытаулық Ержан Еренғайыпов, ІІ орынды жетісулық Рауан Алтынбеков жеңіп алды. Үшінші орынға Қарқаралы ауданының балуаны Досжан Әбілқас пен Абай облысынан келген Абай Берекетов ие болды.
100 келі салмақта І орын биігінен қарқаралылық Марат Заңғар көрінсе, ІІ орынға Босаға ауылынан келген Мұқит Қаржаубаев жйғасты. Ал, Шет ауданынан келген Нықаш Дидар мен бұқаржыраулық Тәңірберген Тергеубеков үшінші орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық табысталды.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz