Түркістан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлім диспетчері Шоира Шакирова телефон арқылы жүкті келіншекті босандырып алды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға 11 шілде күні Арыс қаласы Ақдала ауылында болған. Ай-күні жетіп толғақ қысқан ауыл тұрғыны Феруза Еркінова сағат түнгі 4.00 шамасында жедел жәрдемге қоңырау соққан. Тұтқаны көтерген диспетчер Шоира Шакирова арнайы бригаданы бағыттайды. Дегенмен, ауыл мен қала арасы алыс болғандықтан, көліктің жетуіне біршама уақыт қажет болған. Ал, жүкті келіншектің жолдасы толғақтың күшейіп жатқанын айтып қайта телефон соғады. Шоира жағдайды бірден түсінгендіктен, телефон арқылы кеңес бере бастайды. Сонымен, отбасында үшінші қызды әкесі мен енесі және Түркістанда отырған диспетчер босандырып алады. Кіндігін қайшымен кесіп, үлкен жаялыққа орап қояды. Осы сәтте жедел жәрдемде жетеді...
«Ертеңіне қарай басшылықтан хабарласып, мені шақыртты. «Не бүлдіргенсің» дегенде түсінбей қалдым. Ал, кейіннен қолыма Ферузаның жазған Алғыс хатын табыс етіп, әжесіне хабарласуымды сұрады. Әжесімен сөйлескенде рахметін айтып, жаңа туған қыздың есімін Әмина деп қойғанын жеткізді. Қуанып қалдым» - дейді Шоира Атажанқызы.
Бүгінде Әминаның дүниеге келгеніне 2 ай болды. Сәбидің жағдайы қалыпты. Ата-анасының көз алдында өсіп келеді.
«Әуелі Алла, содан соң себепші болған Шоираға отбасымыздың атынан алғысымызды айтамыз» - дейді Феруза Еркінова.
Шоира Шакирова қазірде Түркістан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлім диспетчері қызмет атқарып жатыр. Жедел желіде күнделікті тұрғындардан қоңырау қабылдап, жедел жәрдем бригадасын бағыттап отырады. Тіпті, кей сәттері телефон арқылы алғашқы көмек көрсетіп, кеңес береді.
«Біз күнделікті тәжірибе алмасып, білімімізді шыңдап тұрамыз. Оперативті бөлім меңгерушісі Тахир Абдиев әр кезекшілік сайын атқарған жұмыстың есебін қабылдап, бағыт бағдар беріп отырады. Мен ол кісден көп нәрсені үйрендім. Бізге тәжірибесімен үлгі бола білген Тахир Батырбекұлына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, әрдайым курстарға қатысып білімімізді жетілдіріп тұрамыз. Мол мүмкіндік беріп, үлкен жағдай жасап отырған Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Қанат Тумановқа рахметімді айтамын» - дейді ол.
Шойра Атажанқызы жедел жәрдемде қызмет етуді бала кезінен армандаған. Мектеп оқып жүргенде дәрігер болу үшін көп дайындалыпты. Кейіннен Түркістан көпсалалы медицина колледжінде «фельдшер» мамандығын меңгерді. Еңбек жолын мейірбике болып бастады. Енді бала күнгі арманы фельдшерлік салаға ауысып, халыққа қызмет көрсетіп, көмек беруді жопсарлап отыр.
«Мен фельдшер болып, жедел жәрдемде қызмет атқаруды бала кезімнен армандағанмын. Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Өсіріп отырған ұл-қызымды да болашақта дәрігер мамандығын меңгертсем деймін»- дейді ол.