Чемпиондар лигасы: плей-офф кезеңінің алғашқы матчтары аяқталды

Сурет: pixabay.com

Төрткүл дүние көз тіккен чемпиондар лигасының бірінші кездесулері өз мәресіне жетті. Әр жұпта айқын фаворит болса да, келесі кезең жолдамасы кімге бұйыратыны белгісіз.

Өткен аптада басталған 1/8 финалының ойындары «Копенгаген» - «Манчестер Сити», «РБ Лейпциг» - «Реал Мадрид» кездесуімен ашылған болатын. Пеп Гвардиола шәкірттері даттардан 1:3 есебімен басым түсті. Ал, корольдік клуб минималды есеппен (0:1) «Лейпцигтан» айласын асыра білді. Одан кейін «Лацио» - «Бавария», «ПСЖ» - «Реал Сосьедад» арасындағы ойынға куә болдық. Италияндық клуб «неміс машинасы» атанған «Баварияны» 1:0 нәтижесімен жеңіп, кішігірім сенсация жасады. Луис Энрике баптайтын француздар баск елінен келген «Реал Сосьедад» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Осы аптадағы кездесулер «Интер» - «Атлетико Мадрид», «ПСВ» - Боруссия Дортмунд» ойынымен басталды. Италияндық клуб Диего Симеоне шәкірттерінен 1:0 есебімен басым болды. Ал, «ПСВ» мен «Боруссия» арасындағы матчта 1:1 нәтижесі тіркелді. Бүгін түнде болған плей-офф кезеңінің қос матчында «Наполи» - «Барселона», «Порту» - «Арсенал» командалары өзара кім мықтыны анықтады. Наполитандық команда каталондық клубпен тең ойнады (1:1). «Порту» ағылшынның «Арсенал» клубын 1:0 есебімен жеңді. Осылайша, алғашқы кездесулерден кейін келесі кезеңге өтетін командаларды анықтау қиынға соғып тұр. Қарымта ойындар наурыз айында өтеді.

06 наурыз, 02:00

«Бавария» – «Лацио»  

«Реал Сосьедад» – «ПСЖ»

07 наурыз, 02:00

«Манчестер Сити» – «Копенгаген»

«Реал Мадрид» – «РБ Лейпциг»

13 наурыз, 02:00

«Арсенал» – «Порту»

«Барселона» – «Наполи»

14 наурыз, 02:00

«Атлетико Мадрид» – «Интер»

«Боруссия Дортмунд» – «ПСВ»