Болгария астанасы Софияда кіші әлем чемпионаты саналатын «Странджа кубогінің» жалауы желбіреген болатын. «Странджа кубогі» – Еуропадағы әуесқой бокстан өткізілетін ең көне халықаралық жарыс. Бірінші турнир 1950 жылы Софиядағы «Юнак» стадионында өткен болатын. Дүбірлі дода 24 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасынан бөлек, Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Мажарстан, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия және жарыс қожайындары Болгария мемлекеттері қатысады.
Бұл турнирге Қазақстан құрамасының боксшылары 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында боксшыларымыз 12 алтын, 16 күміс, 28 қола жүлдеге қол жеткізген. Бір қызығы, бүгінге дейін бірде-бір қазақстандық боксшы бұл турнирде екі мәрте чемпион атанып көрмепті. Биыл бұл жетістікке Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырхан қол жеткізеді деген сенім мол.
Қазақстан құрамасының намысын қорғауға аттанған спортшылардың тізімі:
Ерлер құрамасы:
48 келі: Теміртас Жүсіпов, Санжар Тәшкенбай
51 келі: Даниал Сәбит, Бекзат Алдамжаров
54 келі: Махмұд Сабырхан, Тимур Қабдешев
57 келі: Оразбек Асылқұлов, Дәулет Молдашев
60 келі: Талғат Сырымбетов, Серік Теміржанов
63,5 келі: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов
67 келі: Төрехан Сабырхан, Санатәлі Төлтаев
71 келі: Абылайхан Жүсіпов, Фарух Тоқтасынов
75 келі: Сабыржан Аққалыков, Тимур Нұрсейітов
80 келі: Ерасыл Жақпеков, Азамат Бектас
86 келі: Нұрбек Оралбай, Бекзат Нұрдәулетов
92 келі: Данияр Рахымбердинов
+92 келі: Айбек Оралбай, Нұрлан Сапарбай
Қыздар құрамасы:
48 келі: Әйгерім Сәттібаева, Ақбота Болат
50 келі: Гүлнар Тұрапбай, Елянур Турганова
52 келі: Жазира Орақбаева, Жансая Рахымберді
54 келі: Элина Базарова, Әнел Сақыш, Сымбат Әлиасқар
57 келі: Ұлжан Сәрсенбек, Айдана Забынбекова
60 келі: Римма Волосенко, Анар Тұрсынбек
63 келі: Лаура Есенкелді, Аружан Жаңабаева
66 келі: Ұлдана Таубай, Гаухар Шайбекова
70 келі: Әзиза Исина
75 келі: Шұғыла Нәлібай
81 келі: Жібек Жарасқызы
+81 келі: Ләззат Күнгейбаева, Дина Исламбекова.
Алғашқы жарыс күні қазақстандық боксшы Дәулет Молдашев Странджа кубогіндегі алғашқы айқасында-ақ жеңіліп қалды. 57 келіде өнер көрсететін отандасымыз 1/8 финалында әзербайжандық Залимхан Сулеймановпен жұдырықтасты. Бірінші раундта әзербайжандық боксшы 4:1 есебімен басым түсті. Екінші раундта қазақ боксшы есесін қайтарғандай болды. Дегенмен үш раунд қорытындысы бойынша Сулейманов төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Ал, 67 келі салмақта ел намысын қорғаған Санатәлі Төлтаев бірінші жекпе-жегінде қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, турнирдің келесі айналымына өтті. Ол алғашқы жекпе-жегінде Болгария боксшысын 5:0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар, алғашқы жарыс күні қазақстандық Төрехан Сабырхан мен Серік Теміржанов жекпе-жексіз келесі айналымға жолдама алады. Қос боксшымыздың қарсыластары да Өзбекстанның Олимпиада чемпиондары болатын. Екеуі де шаршы алаңға шықпай қалды.
Осылайша, Төрехан Сабырхан мен Серік Теміржанов жекпе-жексіз келесі айналымға өтті.
Турнирдің екінші күні төрт қазақстандық бұрымды боксшымыз шаршы алаңға шығып, үшеуі жеңіске жетсе, біреуі жарыс жолынан шығып қалды.
50 келіге дейінгі салмақта Гүлнар Тұрапбай ағылшын Оакли Келсиді айқын басымдықпен ұтса, одан кейін шаршы алаңға көтерілген Айдана Жабынбекова (-57 кг) хорват қызын 4:1 есебімен ойсырата ұтты.
63 келіге дейінгі салмақта Аружан Жаңабаева да қарсыласына мықтылығын мойындатты. Ол 1/8 финалда венгриялық Диана Чифрамен кездесті. Қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен таза жеңді, оның үстіне үшінші раундта венгриялықты нокдаунға түсірді.
Ал, 75 келідегі Анастасия Баязитова қытайлық Шиан Лимен жұдырықтасып, төрешілердің ортақ шешімімен қарсыласына есе жіберді.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері қазақстандық Нұрбек Оралбай алғашқы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады. 86 келі салмақта жұдырықтастатын Нұрбек жарысты 1/8 финалдан бастап, ринг қожайыны Мануэль Жечевпен кездесті. Екінші раундта Нұрбек қарсыласын ауыр соққыларымен есеңгіретіп жіберді. Бетіне бағытталған тура соққылардан Жечевтің капасы ұшып кетті. Осыдан кейін рингтегі төреші жарысты бірден тоқтатып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бекзат Нұрдәулетов те бірінші айқасында өзбек қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. 86 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Бекзат жарыстың 1/8 финалында өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен жекпе-жек өткізді. Алайда, тартысты басталған айқас ұзаққа созылмады. Отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Айбек Оралбай да қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Париж Олимпиадасынан кейін 92 келі салмаққа ауысқан Айбек аталған турнирде пәкістандық боксшы Абдул Вахаб Тахирға қарсы жекпе-жекке шыққан болатын. Нәтижесінде рингтегі төреші айқасты бірінші раундта тоқтатты. Осылайша Нұрбек Оралбайдың егізі де қарсыласын мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен ұтып, келесі айналымға қиналмай өтті.
Ерлер арасында 51 келдіе ел намысын қорғаған Бекзат Алдамжаров бірінші жекпе-жегінде қарсыласына жол беріп, көрермендер қатарына қосылды. Отандасымыз 1/8 финалдық кезеңде франциялық Ники Каммингспен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен қарсыласына 1:4 есебімен жол берді.
63.5 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Ертуған Зейнуллинов 1/8 финалда жергілікті боксшы Владислав Лисовыймен кездесіп, төрешілердің шешімімен қарсыласынан басым түсті. Есеп — 5:0.
Осы салмақта тағы бір отандасымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да ширек финалға өтті. Ол алғашқы айқасында Грузин боксшысы Саба Ткебучавамен жұдырықтасты. Алайда қарсыласы қазақ боксшысына қарымды қарсылық таныта алған жоқ. Грузин боксшысы үшінші раундта бокстасудан бас тартты.
Ал, 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Ерасыл Жақпеков қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. Ол алғашқы жекпе-жегін пәкістандық Умаис Икбалға қарсы өткізген болатын. Отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Төреші онға дейін санағанша, қарсыласы орнынан тұра алған жоқ.
Жарыстың үшінші күні Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты. 86 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз екінші жекпе-жегінде, яғни ширек финалда француздық Абулайе Траоремен жұдырықтасты. Үш раунд қорытындысы бойынша Бекзат 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Сондай-ақ, 86 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай да жартылай финалға жолдама алды. Ол ширек финалда Скотт Тигнды 5:0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар, аталған турнирде тағы бір қазақстандық боксшы Фарух Тоқтасынов (71 келі) ширек финалға шықты. Ол өз кезегінде ағылшындық боксшы Патрик Хейвиттен айласын асырды. Фарух қарсыласын 5:0 есебімен айқын жеңді.
48 келі салмақта сынға түскен Ақбота Болат түркиялық қарсыласы Рабиа Топузға 1:4 есебімен жол берсе, 50 келі салмақта ел намысын қорғаған Елянұр Тұрғанова түркиялық қарсыласы Барут Эриванды 5:0 есебімен жеңді.
57 келіде сынға түскен тағы бір отандасымыз Ұлжан Сәрсенбек түркиялық қарсыласы Бенек Пинардан 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. 60 келіде Анар Тұрсынбек Коста-Рика боксшысы Доньета Садикухкқа 0:5 есебімен жеңілді. Сонымен қатар, 50 келіде сынға түскен Гүлнәр Тұрапбайда Коста-Рика елінің бұрымды боксшысы Златислава Чукановаға 0:5 есебімен жол берді. Ал, 66 келіде сынға түсіп жүрген отандасымыз Ұлдана Таубай Түркия боксшысы Берфин Кабакқа 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
Сонымен қатар, 57 келі салмақта жұдырықтасып жүрген отандасымыз Айдана Жабынбекова Англия боксшысы Самин Тоусайнтті 3:2 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті. Ал, 60 келі салмақта Римма Волосенко грекиялық қарсыласы София Легакиді 5:0 есебімен жеңді.
92 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шыққан ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай ирландиялық Годстайм Идемудианы 5:0 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
92 келіден аса салмақтағы Нұрлан Сапарбай Қытай боксшысы Женвей Вангпен жұдырықтасты. Нәтижесінде үш раунд қорытындысы бойынша отандасымыз қытайлық боксшыдан таза жеңілді. Есеп - 5:0.
Турнирдің үшінші күні жеті боксшы қызымыз шаршы алаңға шықты. Нәтижесінде оның бесеуі айқастарын жеңіспен аяқтаса, екеуі қарсыластарына есе жіберіп, көрермендер қатарын толықтырды.
52 келі салмақта ел намысын қорғаған Жансая Рахымберді түркиялық қарсыласы Нур Кличчи Еданы 5:0 есебімен жеңді. 54 келіде сынға түсіп жатқан тағы бір аруымыз Анель Сақыш та түркиялық қарсыласы Лаурен Макиеден 4:1 есебімен басым түсті.
Ал, 63 келіде жұдырықтасып жатқан отандасымыз Лаура Есенгелді Грекия боксшысы Павлина Пападатоуды 5:0 есебімен қапы қалдырды. 52 келі салмақта Жазира Орақбаева болгариялық боксшы Тала Хаббасты 5:0 есебімен жеңсе, 54 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Сымбат Алиасқар Ирландия боксшысы Члое Габриельді 5:0 есебімен ұтты.
Өкінішке қарай, 54 келі салмақта сынға түскен Елина Базарова мен 63 келі салмақтағы боксшымыз Аружан Жанғабаева екеуі де түркиялық қарсыластарына есе жіберді.
Осылайша шаршы алаңға шыққан 15 бұрымды боксшымыздың 8-і жеңіске жетті.
27 ақпан күні ұлттық құраманың бірнеше боксшысы маңызды кездесулер өткізеді. Қазақстан құрамасынан шаршы алаңға 15 боксшы шығып, ширек финал және жартылай финал жолдамаларын сарапқа салады.
Қазақстандық боксшылардың 27 ақпандағы жекпе-жектері:
48 келіге дейін
• Санжар Ташкенбай – Луис Руни (Ирландия)
• Теміртас Жүсіпов – Субхан Мамедов (Әзербайжан)
51 келіге дейін
• Даниял Сабит – Давид Джапаридзе (Грузия)
54 келіге дейін
• Тимур Қабдешов – Ксинмин Ма (Қытай)
• Махмұд Сабырхан – Башкин Баджоку (Косово)
57 келіге дейін
• Оразбек Асылқұлов – Оуэн Харрис-Аллен (Уэльс)
60 келіге дейін
• Талғат Сырымбетов – Тинко Банабаков (Болгария)
• Серік Теміржанов – Риз Оуэнс (Ирландия)
63,5 келіге дейін
• Мұхаммедсабыр Базарбайұлы – Джейсон Невин (Ирландия)
• Ертуған Зейнұллинов – Руслан Рустамов (Әзербайжан)
67 келіге дейін
• Төрехан Сабырхан – Лаша Гагнидзе (Грузия)
• Санатәлі Төлтаев – Демур Каджайя (Грузия)
71 келіге дейін
• Абылайхан Жүсіпов – Олексий Ширяев (Беларусь)
• Сабыржан Аққалықов – Ремо Салвати (Италия)
75 келіге дейін
• Фаррух Тоқтасұнов – Сархан Алиев (Әзербайжан)
• Тимур Нұрсейітов – Расим Чобанлы (Әзербайжан)
80 келіге дейін
• Азамат Бектас – Луки Аймуфуа (Австрия)
• Ерасыл Жақпеков – Джеймс Вилан (Ирландия)
Мирас СӘУЛЕХАН,
«LIFE09»