Қарағандылық құтқарушы гір спортынан әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді

Сурет: Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше

Қарағандылық құтқарушы Александр Комаров халықаралық додада топ жарып, әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Латвия астанасы Ригада өткен жарыста Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері үздік үштіктен көрінді.

Александр Комаров облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіруді ұйымдастыру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасында аға инженер болып қызмет етеді. Ол – спортта өзіндік орны бар, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленген тәжірибелі атлет.

Биылғы әлем чемпионатында 30-дан астам елден 500-ден аса спортшы бақ сынады. Қарағандылық спортшы ересектер арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жекелей сынға түсті. «Ұзын цикл» жаттығуы бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, қола медальға қол жеткізді.

Александрдың жеңісі Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жүлделердің бірі болды. Ұлттық құрама «ұзын цикл» жаттығуы бойынша эстафеталық сайыста күміс медаль иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.