Қарағанды қаласында «ALGA!» әлеуметтік-білім беру жобасына қатысушылар арасында «Alimkhan Yermekov Cup» тұңғыш футбол турнирі жалауын желбіретті. Жарыс Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің базасында өтіп, оған жобаға енген мектептердің 3-4 сынып оқушыларынан құралған 8 команда қатысты.
Жарыс форматы мен ерекшеліктері
Матчтар топтық кезең және плей-офф жүйесі бойынша 5×5 форматында ұйымдастырылды. Ережеге сәйкес, әр команданың құрамында кем дегенде бір қыз баланың болуы міндеттелді. Бұл талап — елімізде әйелдер футболын насихаттау және спортқа балаларды жаппай тарту бағытындағы маңызды қадам.
Көрермендер үшін арнайы интерактивті аймақтар, футбол челлендждері мен ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Турнирге «Шахтер» футбол клубының скауттары арнайы қатысып, матчтарды жіті бақылады. Клуб өкілдерінің айтуынша, жарыс барысында болашағынан үміт күттіретін бірнеше талантты жас футболшы назарға ілінген.
«QOFA» әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев бұл турнирге дайындық үш айға жуық уақыт бойы жүргізілгенін атап өтті. Осы аралықта мектептер арасында 12 жолдастық кездесу ұйымдастырылып, балалар Қазақстан футбол федерациясының әдістемесі бойынша дене шынықтыру сабақтары аясында тұрақты жаттыққан.
«Жоба балалардың жан-жақты дамуына ықпал етеді»
Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейдің директоры Жанағұл Түсжанова бұл бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды:
«Бұл жобаның басты ерекшелігі — балалардың жан-жақты дамуына ықпал етуінде. «ALGA!» бастамасы іске қосылғалы оқушылардың тек футболға ғана емес, жалпы спортқа деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Баланың өсуі үшін жарыс пен бәсекелестік орта өте маңызды, өйткені бұл оларды алға ұмтылуға ынталандырады.
Пилоттық жоба алғашқы жылы-ақ жақсы нәтиже көрсетті. Футболдың арқасында балалардың бойында тәртіп, жауапкершілік және бір-біріне деген құрмет қалыптасып келеді. Олар өзге мектептегі құрдастарымен араласып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Сондықтан бұл жобаның аясы алдағы уақытта тек кеңейе түсетініне сенімдімін».
Турнир жеңімпаздары мен бас кейіпкер
Тұңғыш «Alimkhan Yermekov Cup» кубогының иегері болып №19 мектеп командасы танылды. Олар жартылай финалда ПТКЛ (Президенттік танымдық көпбейінді лицей) командасын 2:0 есебімен, ал финалдық бәсекеде Үштөбе тірек мектебін 3:1 есебімен қапы қалдырды. Турнир барысында 8 гол соққан жеңімпаз команданың капитаны Абылай Рымбек жарыстың бас кейіпкері атанды.
Жеңімпаз команданың жаттықтырушысы Қали Қуанған бұл табысты жүйелі жұмыстың жемісі деп санайды:
«Алғашқы маусымдағы мектебіміздің жеңісі — балалардың қажырлы еңбегі мен жобаның тиімділігінің айқын дәлелі. Жоба аясында мектеп спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді, ал бастауыш сынып оқушылары апта сайын арнайы футбол сабақтарына қатысады. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында балаларда командалық рух пен спорттық шеберлік жоғары деңгейде қалыптасып келеді».
Болашақ жоспар: География кеңейеді
Кубок иегерлері ағымдағы жылдың жазында Астана қаласында өтетін «Балдәурен» республикалық турниріне жолдама алды. Сапардың барлық шығындарын «QOFA» мен жобаның бас серіктесі — «Freedom» компаниясы өз мойнына алады. Бас серіктес алдағы уақытта да спорттық жабдықтар мен инфрақұрылымдық жобалар арқылы бұл бастаманы қолдауды жалғастырмақ.
Бүгінгі таңда «ALGA!» жобасы Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Үштөбе ауылының 10 мектебін қамтып, 1931 бала мен 61 педагогтың басын біріктіріп отыр.
Келесі оқу жылында ұйымдастырушылар жоба ауқымын 40 мектепке дейін кеңейтуді жоспарлауда. Оған Балқаш қаласы, сондай-ақ Шет, Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарының оқу орындары қосылмақ.