Қазақстандық бапкер «Барыстың» ойынын өзгертті ме?

hcbarys.kz

ҚХЛ аясында астаналық «Барыс» келесі кездесуін Тольяттиде «Лада» командасына қарсы өткізеді.

Бұл елордалық клубтың бапкерін ауыстырғаннан кейінгі 5-ші кездесуі болмақ. Бұған дейін «Барысты» беларусь маманы – Андрей Скабелка жаттықтырған еді. Оның орнына бас бапкердің міндетін атқарушы болып қазақстандық Ғалым Мәмбеталиев тағайындалған болатын. Жаңа бапкердің бастауымен «Барыс» алғашқы матчында «Трактор» командасын 2:1 есебімен жеңді. Одан кейін мәскеулік «Динамо» клубын буллиттер сериясында 3:2 нәтижесімен сан соқтырды. Ал, келесі ойында «Локомотив» (Ярославль) командасынан 0:6 есебімен ойсырай жеңілді. Соңғы кездесуде «Металлург» (Магнитогорск) ұжымына «овертаймда» 3:4 есебімен жол берді. Ендігі қарсылас «Лада» (Тольятти) клубы. Қос клуб өзара 14 кездесу өткізген, әрқайсысының еншісінде 7 жеңістен. 16 ұпай жинаған «Барыс» турнир кестесінде жиырмасыншы орында болса, «Лада» 22 ұпаймен оныншы орынға жайғасты.

Осы матчтан кейін Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері тағы да сырт алаңда 3 кездесу өткізеді. Қазан айының 20-сы «Сочи», 22-сі «Куньлунь», 24-і «Автомобилист» командаларымен күш сынасады.

Бұл кездесуді бүгін Астана уақытымен 21:00-де, «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.