Мына заман мені де бұзып қойған: ақ қағазға қаламсаппен үңілмегеніме 7-8-жылдай болып қалды. Бәрібір «Қауырсынын қолыңа алып ақ қаздың» (Қасым), – қаламмен жазғанға түк жетпейді екен?
Әлеуметтік желілерде кілең «Заманның жеңіл ауыз джентельмендері» (Қасым) отыр екен. Бәрі шетінен шешен һәм көсем боп алған. Олжастан бастап, Әбішті қоса қаралайды… Олар – Айсберг қой?!. Ел оның мұздықтың бетіндегісін көреді де, тереңіне үңіле алмайды. «Сені де жамандап жатыр?!» деген соң, еріксіз кіріп едім, шыға алмай қалдым, апиын секілді өзіне арбап, тарта береді екен… Содан «Фейсбуктегі фәни жалған» атты кітап та жазып қойдым (253-300 беттей) Хосе Ортега-и-Гассет айтатын тобырдың көтерілісі («Восстание масс») қазаққа да келді!..
Александр Блок айтпақшы, поэзия дегеннің өзі дүниенің гармониялық үйлесімі. Талант пен таланттың қанжыға қағысып, қатар жүруі – қанат пен қанаттың қағысындай немесе бірімен бірі гармониялық байланыстағы асау тасқынның ағысындай ғой! Арқада маған мұндай несібе бұйырмады. Маяковский мен Есениннің арасындағы теке-тірес пен Моцарт пен Сальеридің арасындағы ерегес, қанды айқасты қатар алып, салыстыруға болмайды; екеуі – екі бөлек дүние; оның біреуінің аты – таланттардың жарысы, жарасымды бәсекесі, екінші біреуінің аты – жаманның жақсыны көре алмаған іштарлығы! «Мы нарушили Божий завет. Яблоко съели. У поэта напарника нет, все дуэты кончались дуэлью» – дегенде Андрей Вознесенский осындай пендешілікті меңзеген… Есенин дүниеден қайтқанда соның қасында дос-жар болып жүріп, екеуін бір-біріне айдап салған «достарынан» гөрі Маяковский қатты азап шеккен-ді! Ол сыңарынан айырылып, қанатынан қайырылғанын сезді! Оның «Сергей Есенинге» деген өлеңі ақын шығармашылығының шыңы десе болады! Орыстың тағы бір бұлбұлы Белла Ахмадулина замандасы Андрей Вознесенскийге: «Ремесло наши души свело, заклеймило звездой голубою. Я любила значенье свое лишь в связи и в соседстве с тобою» – деп мағұмұрланады! Ұлылар бірін-бірі қалай қадірлейді! Белланың осы лебізі Мұқағали мен Еркіннің елден ерек сом образын аша түседі!
Ақын Еркін Ібітанов өлең оқып тұр.
– Ереке, мынауыңыз Мұхаңның өлеңі емес пе? – дейміз аң-таң қалып.
– Е, Мұқағали екеуіміз ағайынды адамдармыз ғой?! – дейді ол алая қарап. – Біздің арамызда бір шумақ өлең түгілі, бір-екі боталы түйе, екі-үш құлынды бие, бес-алты бұзаулы сиыр да жүре береді…
Мұқағали мен Еркін… Екеуі де ірі талант иесі! Бір ауыл, бір топырақтан шыққан, бір Хан Тәңірінің етегінде балалық шағының базарын базарлап, қолына бірге қалам ұстап, ала қағазға бірге телмірген. Мұхаң бұ дүниеден о дүниеге қапылыста аттанып, егізінің соңынде ет-бауыры езіліп, еңіреп қалғанда Еркін інісі «Қайдасың, Хан Тәңірі?» атты асқақ поэма жазып, көкесіне жырдан өлмес ескерткіш орнатып кетті! Біздің ұлттық әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған, әлем әдебиетінде де бой көрсете қоймаған құбылыс десе болады! Еркін Ібітанов қана ағасына адал болып, оның ойсыраған орынында өле-өлгенше күңіреніп жүрді… «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» – деген Мағжан.
Серік Ақсұңқарұлының жазбаларынан
ашық дереккөз