«Түс түлкінің боғы» деген мәтелден соң «Біздің қазақ түске аса мән бермеген»,- деп тұжырым жасай салуға болмайды. Бұл түс көрушінің жайсыз түсіне байланысты сырғытпа жауап ретінде айтыла салады, кейде өз-өзін жұбату үшін қолданады. Тіпті, қазақтың ырымшылдығы сондай түсін кез-келген адамға айтып, екінің біріне жорытпайтын болған. Мырза көңіл қазекем көрген түсін жақсылыққа жорып берген адамның астына ат мінгізіп те жібере салатын болған.
Сонымен, қазақы түс жору:
- Егер сіз түсіңізде балық аулап жүрсеңіз һәм ұстаған болсаңыз, тіпті, жәй ғана балық көрген күннің өзінде мұны жақсылықтың нышаны, нақтыласақ байлыққа кенелуге жорыған.
- Түсіңізде нәжіс көрсеңіз бұл да байлыққа көрінген түс.
- Түсіңізде сақал-мұртыңыз ағарып кетсе ауру-сырқаудың белгісі.
- Түсіңізде өзіңіз өліп қалған болсаңыз ұзақ жасайтын боласыз.
- Түсте айна көру, айнадан өзін көру уайымның белгісі делінген.
- Аспанда аппақ бұлттар жөңкіліп жүрсе кіріс кіреді.
- Аяғы ауыр келіншек түсінде қасқыр көрсе бойына ұл бала біткені.
- Аяғы ауыр келіншек түсінде пышақ көрсе де халқымыз ұл бала туылады деп жорамалдаған.
- Түсіңде алтын-күміс көру байлықтың белгісі.
- Түсіңізде арыстан көрсеңіз маңызды қонақ келуі мүмкін немесе лауазымды адаммен кездесесіз.
- Түсте пышақ көру ұрыс-жанжалдың белгісі.
- Түсіңізде лай суға шомылсаңыз қайғыға, мөлдір суда шомылып жүрсеңіз қуанышқа жорылған.
- Түсіңде өлген адамнан бірдеңе алған болсаң өңіңізде ойда-жоқта бір кіріс кіреді немесе сыйлық аласыз.
- Егер де өлген адамға әлдене беріп жүрсе жақын арада шығын шығады.
- Түсіңізде тісіңіз түсіп қалса жақын-жуығыңыздың бірін жоғалтасыз.
- Басыңызға тымақ, тәж киіп жүрсеңіз ісіңіз алға басады. Лауазымыңыз артады.
- Түнерген аспан көрсеңіз жақында бір қайғыға кезігуіңіз мүмкін.
- Жалаңаш еркек көру кедейшілікке, істің кері кетуіне белгі.
- Түсіңізде қызыл киім киіп жүрсеңіз не болмаса қызыл көрпе жамылып жүрсеңіз сырқаттануыңыз мүмкін.
- Түсіңізде әйел көрсеңіз сәттіліктің белгісі.
- Жалаңаш әйел көрсеңіз өтірік пен өсекке ілігесіз.
- Түсте бала көру жақсылықтың, қуаныштың белгісі.
- Түсіңізде шаң сүртіп жүрсеңіз өмірдегі сәтсіздіктердің аяқталуының белгісі.
- Сұлу әйел көру байлықтың белгісі.
- Түсіңізде арық әйел көрсеңіз аштықтың белгісі.