BANNER

Жәнібек Әлімханұлының Эрисланди Ларамен жекпе-жегі қай телеарнадан көрсетіледі

Фото: No Limit Boxing

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жегі қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жекпе-жек 7 желтоқсанда таңғы 6:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінен көрсетіледі.

Бұл жекпе-жекте қарсыластар үш белбеуді сарапқа салады.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек алдында допинг сынамасын тапсырды.

Отандасымыз бүгінге дейін WBO, IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына ие болған. Енді Жәнібек 6 желтоқсанда WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, 42 жастағы Эрисланди Ларамен қолғап түйістіреді.

Бұл жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Сан-Антонио қаласында өтеді.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.

2015 жылдан бері кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен.