Қарағанды облысында ауқымды цифрлық трансформация басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы және жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірде 2030 жылға дейінгі ақылды қалаларды дамыту стратегиясы мен цифрлық трансформация картасы бекітілді. Қазіргі таңда 50 жаңа жоба іске асырылуда. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология, құрылыс, мәдениет және туризм секілді 10 басым бағыт айқындалды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, цифрлық шешімдердің бірқатары бүгінде қолданысқа енгізілген. Қарағанды еліміздегі технологиялық тұрғыдан дамыған қалалардың қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала ұлттық Smart City рейтингінде төртінші орынға ие болып, тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларына ғана жол берді.
— Біздің өңір үшін бұл жай ғана рейтингтегі көрсеткіш емес. Бұл — цифрлық инфрақұрылымды дамыту, қаланы басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу және тұрғындар үшін жайлы қалалық ортаны қалыптастыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі, — деді Константин Ильницкий.
Цифрлық экономиканы дамытудағы маңызды бағыттардың бірі — білікті мамандар даярлау. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында Tomorrow School бағдарламасы жұмыс істейді. Мұнда жасанды интеллект пен киберқауіпсіздіктен бастап бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу және бұлтты технологияларға дейінгі сұранысқа ие IT-мамандықтар бойынша тегін білім беріледі.
Алдағы жылдары өңір билігі қалалық инфрақұрылымға жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оны одан әрі дамытуға басымдық бермек.