200 млн теңгеге дейін: Қарағанды облысында «Іскер аймақ» жаңа бағдарламасы іске қосылды

gov.kz

Ауылдар, аудан орталықтары мен шағын қалалардағы кәсіпкерлер өз ісін дамытуға 200 млн теңгеге дейін қаржы ала алады. Биыл «Даму» қоры шағын бизнесті қолдауға бағытталған жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасын іске қосты.

Бағдарлама ең алдымен шағын елді мекендерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бағытталған. 

Мемлекет сыйақы мөлшерлемесінің номиналды ставкасының 40%-ын субсидиялайды. Бұл ретте кәсіпкер үшін мөлшерлеме жылдық кемінде 12,6%-ды құрайды, ал субсидиялау мерзімі үш жылға дейін белгіленген.

Қаражатты жабдық сатып алуға, өндірісті іске қосуға немесе кеңейтуге, өзге де инвестициялық мақсаттарға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға болады.

Бағдарлама ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, азық-түлік өнімдерін, жиһаз, құрылыс материалдарын, аяқ киім, қаптама өндіру және басқа да нақты бизнес бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар әр өңір нақты аудан немесе қаланың қажеттіліктерін ескере отырып, басым қызмет түрлерінің тізбесін қосымша айқындай алады.

Қарағанды облысында бағдарлама маусым айында іске қосылды. Бүгінде жалпы сомасы 221 млн теңгені құрайтын алты жобаға қолдау көрсетілді. Олардың қатарында сүт өңдеу, бройлер балапан етін өндіру, сондай-ақ аяқ киім, жеңіл металдан қаптама және терезе өндіру жобалары бар. Тағы 48 жоба қаралу үстінде.

Биыл ел бойынша «Іскер аймақ» бағдарламасын іске асыруға барлығы 400 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 5 мың жаңа жобаны қолдау жоспарланып отыр.

Кәсіпкердің несие алу үшін кепіл мүлкі жеткіліксіз болса, ол «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады. Кепілдік қоры 1 аясында жоба бойынша қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал қор кепілдігі қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын бөлігін жаба алады.

Ірі жобалар үшін Кепілдік қоры 2 қарастырылған. Қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеден асқан жағдайда кепілдік жоба құнының 30%-ына дейін берілуі мүмкін, ал кепілдік мерзімі 20 жылға дейін белгіленеді.

Жабдықтарын жаңартуды жоспарлап отырған кәсіпкерлер үшін «Өрлеу – Лизинг» бағдарламасы да жұмыс істейді. Ол жаңа жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді: 500 млн теңгеге дейінгі қаржы жылдық 12,6%-бен 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна 10%-дан басталады, қосымша кепіл талап етілмейді.

Ірі жобалар мен жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуға арналған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы да қарастырылған. Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-ды құрайды. Инвестициялық мақсаттарға 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыны 10 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.

Қарағанды облысында 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 700 млн теңгені құрайтын сегіз жоба қаржыландырылды.

Дереккөз: Gov.kz