Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тоғызыншы сынып оқушысы жүктіліктің 38-аптасында босанды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқушы қазір медициналық мекемеде жатыр. 14 жастағы оқушы 13 қазанда босанған.
"Жасөспірім бұған дейін үш рет медициналық тексеруден өткен: 13-18 наурыз аралығында аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы демалыс лагеріне тіркелу кезінде және 10 қыркүйекте ата-анасымен тексеру кезінде. Бұл жағдайлардың ешқайсысында дәрігерлер ерте жүктілік белгілерін тіркемеген", – деп хабарлады Ақтөбе облысының Білім басқармасы.
Бұл жайтқа өңірдің Полиция департаменті өкілі пікір білдірді.
"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, қамауға алынды. Қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.
Облыстық полиция баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іске күдікті ретінде кәмелетке толмаған қыздың өгей атасы, яғни әжесінің күйеуі тартылды.