Ауыл шаруашылығын дамыту: Қарағанды облысында АӨК жобаларының саны артып келеді

gov.kz

Биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын 28 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл тек инфрақұрылымды кеңейту ғана емес, саланы сапалық тұрғыдан жаңғыртуды көздейді: заманауи көкөніс қоймаларынан бастап 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасына дейін.

Өткен жылы АӨК-ке салынған негізгі капиталға инвестициялар 2,6 есеге өсіп, 78,2 млрд теңгені құрады. Жол картасы аясында 30-дан астам жоба іске асырылып, 287 жұмыс орны ашылды. Негізгі басымдық өсімдік шаруашылығына берілген (18 жоба), ал мал шаруашылығында 7 бастама және өңдеу саласында тағы 6 жоба жүзеге асырылды.

Ірі инвесторлардың қатарында «Евразия Инвест ЛТД» компаниясы бар. Өңірде қазірдің өзінде қуаттылығы 2,5 және 12 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Енді компания мал шаруашылығына басымдық беріп отыр: негізгі жобалардың бірі — 1200 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасын салу. Жоба жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Өсімнің қосымша драйвері — мемлекеттік қолдау. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация және несиелік бағдарламалар арқылы өткен жылы екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне қолдау көрсетілді.

— Біз сондай-ақ «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қазірдің өзінде ауылдарда шағын бизнесті дамыту үшін 132 несие берілді. Қолдау жеке қосалқы шаруашылықтарға да, кооперативтерге де көрсетілді: 108 ЖҚШ жобасы және 24 кооператив қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 172 жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның негізгі бағыты мал шаруашылығы болғанымен, ол техника сатып алуға, өңдеуді дамытуға және ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жобаларды іске қосуға да мүмкіндік береді, — деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Нақты мысалдардың бірі — «Мади-Агро 7» кооперативі. Ол ірі өнеркәсіптік тұтынушыларға ет жеткізу жүйесін жолға қоя алды. 2026 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасын қаржыландыруды екі еседен астам арттыру жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, өткен жылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешені жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Облыста бір миллион тоннадан астам астық, 385 мың тонна картоп, 75 мың тонна көкөніс және 82,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Өсім егіс алқаптарын кеңейту, сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды қолдану, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу есебінен қамтамасыз етілді.

Суармалы егіншілік те белсенді дамуда: суармалы жер көлемі 46,5 мың гектарға дейін ұлғайды.

Мал шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетіп отыр: ет өндірісі 5,2%-ға, сүт — 3,2%-ға, жұмыртқа — 0,5%-ға артты.

Өңірде жер қатынастары саласында да тәртіп орнатылуда. Цифрландыру мен ғарыштық мониторингтің арқасында пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген 146 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуде.

— 2026 жылы біз жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 559,6 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі басымдық — егіс алқаптарын кеңейту. Әсіресе майлы дақылдар мен картопқа ерекше назар аударылады. Сондай-ақ фермерлер өнімін тұрақты өткізу үшін өңдеу өнеркәсібін дамытуға күш саламыз, — деп атап өтті Сырым Бошпанов.