BANNER

БАҚ-тағы тіл ахуалы алаңдатады

Сурет: ұйымдастырушылардан

БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің мәртебесі көңіл қуантып тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін мамандар тарапынан сан мәрте көтеріліп, айтылып та, жазылып та келеді. Күні кеше ғана облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болуымен «Медиа-мәдениет және тіл» семинары өтті. Оған БАҚ қызметкерлері, жас журналистер мен тіл жанашырлары шақырылып, кеңінен талқылады. Семинарға басқарма басшысы Салтанат Әбеуова да арнайы қатысып, ойын ортаға салды.

Бүгінде жастарға аға буынның ақыл-кеңесі ауадай қажет. Жалпы, жастар дейміз ғой, жастардан бөлек – қоғам зәру. Осы салада өсіп-жетіліп келе жатқан жастарға тәжірибесін шыңдап, әрі кәсіби мамандардан дәріс алуға басқарма басшылығы осындай мүмкіндік жасап отыр. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші Төлен Тілеубай, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер сыйлығының лауреаты Ерсін Мұсабек арнайы шақырылған. Салтанат Мірәсілқызы өз сөзінде тіл мәселесіне қатысты пікірін айтып, семинардың жастарға қажеттілігін сөз етті.

– Ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетінің мәселесі бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Жаһандық үрдіс мәдениетіміз бен руханиятымызға үлкен өзгеріс әкелуде. Руханияттың басты өзегі – тіл. Ауызша тілдесу мен жазылымда мұқият болу қажет. Мұқияттылық – тілде жатыр. Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасында БАҚ-тағы қазақ тілді контенттің үлесін көтеру – басты міндеттердің бірі. Тек контенттің үлесі ғана емес, сапасы да аса маңызды. Ал, сапаны тудыратын – талап мен талғамы. Әр маман өзінің жазғанына, сызғанына талғаммен қарап, ой елігінен өткізіп барып, көпшілікке ұсынуы қажет. Әсіресе, жас мамандарға қатысты. Ұйымдастырып отырған шара тілдің болашағы, тазалығы үшін аса қажет, – деді ол.

1986 жылы Қарағандыда «Қазақ тілі қоғамы» деген ұйым құрылған. Сол ұйымдың басы-қасында жүрген жандардың бірі – Қойлыбай Дәулетханұлы. Сол жылдардан бері көтеріліп, күн тәртібінен түспей келе жатқан басты мәселе – тіл мәселесі еді.

– Содан бері қырық жыл уақыт өтті. Университетте сабақ беріп келе жатқаныма да 30 жыл болыпты. 30 жыл бойы шәкірттеріме тіл мәселесін айтып келемін. Біздің бүгінгі көтеріп жатқан мәселемізді осыдан 70 жыл бұрын жерлесіміз, тіл жанашыры, көрнекті ғалым Әсет Болғанбаев: «Ана тіліне деген журналистің жауапкершілігі – бүгінгі әдеби тілдің зор мүддесінен тумақ» деген. Ана тіліміздің көркеюіне, көсегесінің көгеруіне ең бірінші пәрменді ықпал ететін – бұқаралық ақпарат құралдары. Ел газет, журнал оқиды. Теледидар көреді. БАҚ-тың тілді насихаттауға, тілдің сапасын сақтаудағы күші жоғары. БАҚ-тағы мәдениет қандай болса, халықтың да мәдениеті, тілі де сондай болады. Қазақта: «Телидидар мен радиода айтылғанның бір өтірігі жоқ. Газетте жазылған дүниенің қатесі жоқ» деген ұғым бар. Күллі қазақты тәрбиелейтін – отандық журналистика, – деді Қойлыбай Асанов.

Сонымен қатар, кітап оқымайтын толқынның келе жатқандығын да айтты.

– Ақселеу ағамыз айтпақшы, совет заманындағы ауылдарымыздан айырылып қалдық. «Ауылда тіл де, мәдениет те бар еді. Ауылда дәстүр – салт бар еді. Кітап оқитын қауым бар еді» деуші еді. Ол кісі кеңес уақытын аңсап отырған жоқ, сол кездегі қазақ ауылдарын айтты. Сол уақыттары тілімізді қазақ ауылдары сақтап қалды. Қазіргі толқындар кітап оқымайды. Ал, кітап оқымаған адамда тілдік қор қайдан болсын? – деді Қойлыбай Асанов.

Медиа-мәдениетті қалыптастыратын – журналистер мен блогерлер екені айтпасақ та белгілі. Осы сала мамандары жауапкершілікті сезінбегендіктен контент бұзылды. Бұл туралы Төлен Тілеубай кеңінен тоқталды.

– Тіл – біздің қаруымыз. Біз қалай қолдансақ, қоғамға солай кетеді. Балабақшадан бастап, балалардың тілі орысша және ағылшыншаға ауысты. Қазір дұрыс сөйлеу қалпы бұзылды. Мен оны түзетейін десем, «Онда тұрған не бар?» дейді. Таласбек Әсемқұлов айтпақшы «Орыстың мәдениетіне шомылып өскен елдің нәтижесі», – деді.

Қазіргі таңда газет беттерінде стильдік қатеден бөлек, дұрыс сөйлем құрай алмайтындары да бар. Осы мәселе жайында спикер бірнеше мысал келтіріп, жастардың ондай қателікке бой алдырмауы қажеттігін баса айтты.

– Қазір қарап отырсаңыз, бүкіл сөзіміз «Шара» болып кетті. «Қайдасың» деп сұрасаң, «Шарадамын» дейді. «Шараға қатыстым», «Шараны жазып беремін» дейді әріптестерім. Ақын Батырболат Айтболатұлы жазғандай, «Шара» мен «Іс-шараны» ажырата алмайтын болдық. Негізі, «Шара» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның ішіндегі «Шара қолданды» дегеніне тоқталсам. Оның өзінде де екі нұсқасы бар екен. Бірі С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романында. Онда: «Уақытты, қаржыны босқа шашпай, шара қолдану керек» деген мысал келтірілген. Ал, Т.Бердияровтың «Фарида» повесттер жинағында: «Бұл көргенсіздікке қолма-қол, үзілді-кесілді тыйым салып, айыпты кісілерге шара қолдануым керек» делінген. Енді «Іс-шара» сөзі – зат есім. Яғни, жүзеге асырылатын бірқатар амалдар, – деді Төлен Тілеубай.

Сонымен қатар, балаларға арналған контенттің жұтаңдығын, балаларды зиянды контенттен қалай қорғайтындығымыз жайлы сөз қозғады.

Ал, Ерсін Кәрібайұлы мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында орыс тілді басылымдарда жиі басылуы қажеттігін алға тартты.

– «Баспасөз – ұлтты тәрбиелейді» десек, біз қазір ұлтқа сапасы қандай дүние ұсынып отырмыз деген мәселе шығады. Мемлекеттік тілдің жоқшысы – қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары. Ал, тілдің жоғын жоқтайтайтын да, абыройын асырып, мәртебесін өсіретін – журналистер. Әзіресе, қазақ тілді БАҚ-та қызмет ететін әріптестер, үлкен жауапкершілік жүктелетінін естен шығармауымыз керек. Жалпы, өзім үнемі жазып та, айтып та келемін. Мемлекеттік тілдің қоғамға қажеттілігі, қасиеті тек қазақ тілді аудиторияда емес, орыс тілді жерлерде айтылуы керек. Орыс тілді басылымдар қазақ тілінің құндылығы туралы әрі бай екенін жаза бастау керек, – деді.

Сондай-ақ, мерзімді басылым беттеріндегі кемшіліктеріне тоқталды.

– Әлеуметтік желідегі ахуалдың жайлап телеарна эфирін, газеттің бетін жаулап бара жатқаны – шындық. Ауызекі тіл, сапасыз аударма, сөлсіз сөзжасам... Интертерминдердің екпіндеп еніп бара жатқаны да біздің тілімізге үлкен қауіп. Баспасөз басылымдары мен оның сайтын оқып отырып, ондағы өрескел қателерді түртіп алдым. «Шетелде білім алып келген мамандар өндіріске заманауи өзгерістер ендіреді», – дейді әлдебір беделді басылым жариялаған ақпарат. «Енгізеді», «енгіземіз» дегенді естіп те, жазып та жүрміз. Ал, «ендіреді» дегенді қалай түсінер едіңіз? Тағы бір басылымның «Қылмыс» айдарымен берілетін ақпараттар топтамасында «…үй иесін мас қылдырып» деген «мас тіркес» жүр. Бұл жерде «Мас қылып әкеп тастады» болады. Қысқасы, егер, қазақ тілі бүгінгі күнде тығырыққа тіреліп, дамымай тұрса, шұбарланып жатса, ол қазақ тілінің міні емес. Бұл – қазақтың өз кемшілігі. Баспасөзінің осалдығы. Сондықтан, БАҚ-тағы тіл тазалығын сақтауға бетбұрыс жасауымыз керек! – деді Ерсін Кәрібайұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ,

«Ortalyq Qazaqstan»