Балқаш қаласының маңында қолданыстағы нысанның орнына жаңа қоқыс полигоны салынуда.
Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Қазір жобаның бірінші кезеңі аяқталды.
Жаңа полигон салуға басты себеп — қазіргі полигонның әуежайға тым жақын орналасуы. Жаңа нысан қаланың бас жоспарымен сәйкес, әуежайдан 15 шақырым жерде бой көтеруде.
– Бізге жеке инвестор келді, оған жер телімі бөлінді. Полигон іске қосылғаннан кейін бұрынғы мердігермен жұмыс істеп, ескі нысанды қалпына келтіруге кірісеміз, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Полигон 40 жылға есептелген. Құрылыс жұмыстары экологиялық стандарттарға сай жүргізілуде. Тереңдігі — 4 метр, үш қабатты гидрооқшаулаумен қамтамасыз етілген.
Инвестор жылына 13 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптап, қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Болашақта қоқыс өңдейтін зауыт салу мүмкіндігі де қарастырылуда.