BANNER

Бишимбаев соты: Адам құлағанда мұндай жарақат алмайды

Фото: видео скрин

"Адам құлағанда мұндай жарақат алмайды": Бишімбаев сотында сарапшы Салтанат Нүкенованың қандай жарақаттар алғанын айтты,- деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында марқұм Салтанат Нүкенова қандай жарақат алғанын түсіндіру үшін сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров куәгер болды.

Сарапшы алқабилерге жарақаттарды маникенге салып көрсетті. Көк маркермен көгергендері, қызыл түспен сырылғандарды, жасылмен жараларды көрсетті. Айтуынша, бұл – ұрудан пайда болған сыртқы жарақаттар. Ол тек бас аймағының беткі жағындағы жарақаттарды салды, бұдан бөлек бастың артқы жағына да соққылар келтірілген дейді.

“Бас аймағына бет пен ми, бас сүйек кіреді. Бірнеше соққыдан субдуральды гематома пайда болып, ол миын езіп тастаған. Ауыр дәрежедегі жарақаттар келтірілген. Құлағаннан мұндай жарақаттар пайда болмайды. Ол үшін адамды шашынан ұстап, қабырғаға соғу керек. Ол да соққы салуға жатады”, – деді сарапшы.

Маманның айтуынша, марқұмның бетіне шамамен 13-14 рет соққы келген. Сондай-ақ, айыпталушы жәбірленушіні қылқындырған болуы мүмкін.