BANNER

Есіл өзенінде су деңгейі бір тәулікте 5 метрге көтерілді

Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында күннің жылынуына байланысты қар жылдам еріп, өзендердің суы қауіпті деңгейге дейін күрт көтерілуі мүмкін, – деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі «Қазгидромет» РМК СҚО филиалына сілтеме жасап. 

Ресми ақпаратқа сәйкес, өткен тәулікте Сергеев су қоймасының су деңгейі 75 см-ге көтеріліп, бөген 107%-ға толды. Кешеден бері су ернеуінен асып, төгіліп жатыр. 

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінің суы бір тәулікте 492 см-ге көтерілген. Мұндағы қауіпті деңгей – 1 800 см, қазір 1 202 см-ге жетті. Крещенка елді мекені маңында орналасқан гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің 194 см-ге өзгергенін анықтады. 

Есіл ауданының Покровка елді мекенінің маңында 67 см-ге, Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекенінің жанында Есіл өзені 36 см-ге көтерілген. 

Шағын өзендердің де су деңгейі біршама артқан. Атап айтқанда, Ақанбұрлық өзені Возвышенка ауылының маңында – 172 см-ге, Ковыльное елді мекенінің маңында  –132 см-ге, Рузаевка елді мекенінің маңында Шарық өзені –145 см-ге, Гусаковка ауылының маңында Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі 129 см-ге көтерілді. Алайда әзірге қауіпті деңгейге жете қойған жоқ.