Тамшы балықтың суреті интернет арқылы тез тарап, өзінің антропоморфты түрінен ең құбыжық жаратылыс деген атқа ие болды. Олар су түбінде мүлде құбыжық емес, кәдімгі сұр балық. Тек тығыздығы 120 есе жоғары теңіз түбін мекен ететін балықты судың бетіне шығарғанда формасыз, тамшыға ұқсас болып қалады.
Балықтың бұл түрлерін психролют деп атайды. Ежелгігрек тілінде бұл «суық ваннаны жақсы көруші» деген сөз. Олар мұхиттардың түбінде мекен етеді. Ал мұхит түбінде қандай суық болатыны бәрімізге мәлім.
Психролютты ең алғаш жүз жыл шамасында ашқан. 1926 жылы австралиялық балықшылар антропоморфты, басының алдыңғы жағында мұрынға ұқсас шығыңқы және үлкен көздері бар біртүрлі балықты аулап алады. Адамдар мұрны мен көздері біртүрлі шар тәрізді балықты көңілсіз, мұңайған адамның кейпіне ұқсатады. XX ғасырдың алғашқы жартысында су асты тіршілігі қатты зерттелмегендіктен бірнеше ондаған жылдар бойы психролюттың түрлері, олардың түзілуі, өмір сүру ортасы зерттелмей келді. Ал алғаш аулаған түрі - marcidus деп аталған, латыннан аударғанда «әлсіреген» деген сөз. Мұхит түбінің ерекшеліктеріне қарай олардың бұлшықеттері шынымен дұрыс дамымаған. Ондағы қысым теңіз деңгейінен 60 - 120 есе жоғары, мұндай тығыз ортада бұлшықеттермен жұмыс істеу тиімсіз. Жүзу көпіршігі де жоқ, мұндағы қысымнан кез келген газ сығылып, жұмыс істей алмайды.
Жүзе алмайтын балық болушы ме еді? Иә, ұша алмайтын пингвин секілді психролют те жүзе алмайды. Бірақ ол үшін оларға шырышты қабат қалыптастыруға тура келді. Анығында, олардың тіндері жеңілдетілгені сондай, шырыштың тығыздығы теңіз түбіндегі тығыздықпен бірдей не сәл төмен. Есесіне тамшы балық қозғалмастан еш энергия шығармай жүзу мүмкіндігіне ие болды. Нашар дамыған бұлшықеті жүзіп өтіп бара жатқан азыққа қарай сілкінуге ғана мұрша береді.
Дегенмен тамшы балықтар оқыс қимыл жасамағанды жөн көреді. Олар ауыздарын ашып жүзеді де кездейсоқ түскен омыртқасыздарды жұтады. Болмаса теңіз түбінде тамақ өзі келіп ауыздарына түспейінше ауыздарын ашып жата береді. Уылдырықтарын тура астына лақтырады. Ұрғашылары бұл кезде мүлде қозғалмайды. Жұмыртқа басқан тауық секілді. Ғалымдар бұны балаларын қорғау үшін жасайды деп топшылайды.
Ақерке АЯНҚЫЗЫ