BANNER

Газдандыру, жылу, жолдар, абаттандыру – Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесуде қаланың дамуын талқылады

Қарағанды облысының әкімдігі

Шахтинск қаласында газдандыру жобасы қарқын алып келеді. Жақын арада моноқала тұрғындары көгілдір отынды тұтына бастайды. Қазіргі таңда газ тарату станциясы мен магистральдық желілердің құрылысы толық аяқталған. Қазір ішкі кварталдық желілер жүргізіліп жатыр. Келесі кезеңде табиғи газ Северо-Западный ауылына жеткізіледі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесіп, қала мен оған іргелес елді мекендердің өзекті мәселелерін талқылады. 

Кездесуде тұрғындар коммуналдық қызметтердің жай-күйі, жолдардың сапасы, көше жарығы, балалар және спорт алаңдарының жетіспеушілігі, тазалық пен тәртіп мәселелерін көтерді.

– Қалада жүйелі жұмыс жалғасуда. Ең маңызды жобалардың бірі – газдандыру. Бұл – халық көптен күткен мәселе. Сіздердің бұл жұмысты асыға күтіп отырғандарыңызды білемін. Біз осы бағытта нақты шаралар қабылдап жатырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сондай-ақ жылу маусымына дайындық барысы қатаң бақылауда. Кездесуге дейін ЖЭО-ға барып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Қазір үш қазандық пен бір турбина күрделі жөндеуден өтуде. Негізгі және қосалқы жабдықтар жаңартылып жатыр, барлық жұмыстарды энергетикалық қадағалау органы тексеруде. Бұл жылыту сапасына оң әсер етеді деп күтеміз, – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, Шахтинск қаласында бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. 

Сонымен қатар, Шахан кентінде екі көпқабатты үйдің кіреберістері күрделі жөнделуде. Бұл пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Жыл соңына дейін 85 отбасы жаңа баспана алады.

Қалада алғаш рет жеке инвестициялар есебінен көпқабатты тұрғын үй салу жобасы басталды.

Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі. Қалада су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы жоба аясындағы екінші кезең сәтті аяқталған.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбековтің айтуынша, үшінші кезең аясында 49,4 шақырым құбырдың 34 шақырымы тартылған. Сонымен қатар, Новодолинский кентінде су құбыры желілерінің құрылысы басталды.

Қалада кәріз жүйесінің тозығы жеткен. Бұл мәселені шешу үшін жоба әзірленіп, оны келесі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Көлік инфрақұрылымы мен көше жарығына қатысты сұрақтар да көп көтерілді. Қазір Қарағанды – Саран – Шахтинск тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Абай – Қарабас – Жартас бағытындағы облыстық жолдың Шахтинскке жақын бөлігінде орналасқан Долинка кентіндегі барлық бұрылыстар мен қосылатын жолдарға асфальт төселмек. Шахтинск, Новодолинский және Шахан елді мекендерінде 7 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілуде.

Жергілікті тұрғындар қаладағы стадионға кіретін жолды ретке келтіруді сұрады. Қала әкімі бұл мәселе биыл шешілетінін, жолға асфальт төселетінін айтты. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қала мен елді мекендерде 940-қа жуық жаңа жарық шамдары орнатылады.

Абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл Шахтинск, Долинка, Шахан және Новодолинский елді мекендерінде 20 жаңа балалар ойын алаңы пайда болады. Бұл нысандар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында орнатылуда. Қала басшысы тұрғындарды ұсыныстарын белсенді түрде жолдауға шақырды. Сонымен бірге, Новодолинскийде үш шағын спорт алаңы жөнделді. Жыл соңына дейін қала бойынша бес футбол алаңы жаңартылып, келесі жылы қалғандары толық жөндеуден өтеді.

Кездесу барысында көтерілген барлық мәселе бақылауға алынып, оларды шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.