Қарағанды облысында 60-тан астам ауыл ішімдіксіз, салауатты өмір салтына көшті. Нәтижесі де айқын: бір жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.
Оң тәжірибе туралы облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңесте полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров айтып берді. Отырыста жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері талқыланды.
– Облыста "Ішімдіксіз ауыл" жобасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 63 елді мекенде тұрғындар алкоголь сатудан және спирттік ішімдіктермен салтанатты іс-шаралар өткізуден толығымен бас тартты. Қабылданған шешімнің сақталуын ауылдардың ақсақалдары бақылайды. Жоба оң нәтиже берді. Жыл басынан бері бұл елді мекендерде қылмысқа жол берілмеді, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, "Ішімдіксіз ауылдар" облыстың барлық жеті ауданында бар. Олардың көпшілігі Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарында.
Спикер бұл тәжірибені аймақ бойынша кеңейтуді ұсынды.
Құқық бұзушылықтар көбінесе мас күйінде жасалатыны атап өтті. Бірақ жанжалдардың жалғыз себебі алкоголь ғана емес. Сондықтан жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікті қолдау, бос уақытты ұйымдастыру сынды әлеуметтік шаралар маңызды.
Жасқайрат Қайыров сонымен қатар азаматтар мен жұртшылықтың құқықтық тәртіпті қорғауға қатысуы туралы айтты. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарында алты студенттік жасақ жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде 14 жасақ учаскелік инспекторларға көмектеседі. Облыста құқық қорғау бағытындағы 144 қоғамдық құрылым бар.
Биыл қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін 30-дан астам адам ақшалай сыйақы алды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастар қылмысының алдын алу бойынша барлық тиімді жобалар мен шараларды қолдану қажеттігін атап өтті.
– Жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл жұмысқа жастар ұйымдары мен ҮЕҰ тартылуы керек, – деп атап өтті өңір басшысы.