BANNER

«Қарағанды – Балқаш» автожолының реконструкциясы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады

-

 «Қарағанды – Балқаш» автожолының реконструкциясы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал» автожолдарында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын.

«Қазіргі таңда «Қарағанды – Балқаш» автомобиль жолында ұзындығы 363 шақырымға жететін 8 жол учаскесінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жол құрылысы басталғаннан бері негізгі жоғарғы қабаттың 291 шақырымы, төменгі қабаттың 245 шақырымы және жол жабынының жоғарғы қабатының 7 шақырымына асфальт төселді. Асфальтбетон жабынының жаңа қабатымен жол қозғалысы 277 шақырымға қамтамасыз етіліп, жылдың соңына дейін қосымша 10 шақырым автожолды ашу жоспарланып отыр.

Бұл орайда жол учаскелерінде жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын 16 айналма жол қарастырылғанын айта кету керек. Жыл соңына дейін тиісті жұмыстарды аяқтап, жаңа жол жабынына байланысты қозғалыс үдерісін 13 айналма жолға ауыстыру жоспарланып отыр. Қалғандарында жол қозғалысы қамтамасыз етіледі. Осы автожолды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылдың аяғына дейін жүзеге асыру көзделіп отыр», - делінген министрлік мәліметінде.

«Балқаш – Бурылбайтал» трассасындағы жұмыстарды да жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Жобаға сәйкес мұнда 288 шақырымның 6 учаскесінде жол жабынын төсеу жүргізіліп жатыр. Жаңа асфальтбетон төселген 161 шақырым жолмен қозғалысқа рұқсат етілді.

«Жезқазған – Қарағанды» автомобиль жолы бойынша қазір 513 шақырымға жобалық-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл жоба 12 учаскеге бөлінген. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Құжаттаманың дайын болуына байланысты тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен басталады», - делінген ҚР ИИДМ хабарламасында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жалпы ұзындығы 200 шақырымды (17-217 шақырым) құрайтын «Қарағанды – Қарқаралы» автожолын жөндеуді аяқтауға қатысты қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Осы жол учаскесінің жағдайын жақсарту мақсатында 2021-2022 жылдары ұзындығы 18 шақырым (102-110 шақырым және 197-207 шақырым) жерге орташа жөндеу жүргізілді. Келесі жылы республикалық бюджет есебінен ұзындығы 75 шақырым (132-197 шақырым және 207-217 шақырым) жол учаскелесінде орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жолдың қалған учаскелері 2024 жылы аяқталады деп көзделуде.