BANNER

Қарағанды қаласының шетінде жаңа су құбырларын салу жоспарлануда

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда Төреқұлов пен Оңдасынов көшелерінде, сондай-ақ Сахалин кентінде жаңа су құбыры желілері салынды. № 6 су құбыры қайта жаңартылды. Тұрғындарды сумен жабдықтауды жақсарту үшін басқа да жобалар жүзеге асырылуда.

Алдағы жоспарлар туралы қала әкімі Мейрам Қожухов облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде мәлім етті.

– Келесі жылы жаңа және ескі Тихоновкада, Линейная, Литвин көшелерінде, 2-ші орам ауданында су құбыры желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Су бұру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мұнай базасы ауданындағы жеке секторда нөсер кәрізінің құрылысы аяқталды. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде су басу мәселесін шешеді.

"Қарағанды Су" инвестициялық бағдарламасы аясында Әлихан Бөкейхан ауданындағы № 2 сорғы станциясы мен кәріз желілерін қайта жаңарту жүргізілуде.

2025 жылға № 19 кәріз коллекторларын және Совхозная көшесін қайта жаңартуды бастау жоспарланған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жоба бар.

Мейрам Кожухов газдандыру қарқыны туралы да баяндады.

– Бүгінгі таңда 300 шақырымға жуық желі салынды. Газ тарату желілері 10 мыңға жуық жеке тұрғын үйге жеткізілді, жеке тұлғалар үшін қосылуға 4 мыңнан астам техникалық шарт берілді, 3139 үй қосылды, оның ішінде 86 отбасы мемлекеттің көмегіне ие болды. 2025 жылға көмек алу үшін тағы 170 отбасы өтініш берді, – деді қала әкімі.